Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы Елена Кван "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, оппозиция белсендісі Жанболат Мамайдың кітап шығаруына тыйым салды. Сот кеше, 25 қыркүйекте Жанболат Мамайдың қоғамдық-саяси және журналистік қызметпен айналысуға тыйым салу жөніндегі үкімді нақтылау туралы өтінішін қараған.
Бұл туралы Жанболат Мамайдың әйелі, қоғам белсендісі Инга Иманбай Facebook парақшасына бүгін жариялады.
Инга Иманбайдың жазуынша, Жанболат Мамай жабық ғимаратта тренинг өткізуге, оқыған кітаптары бойынша онлайн эфир жүргізуге, ақпарат құралдарына сұхбат беруге, құқық қорғау қызметімен айналысып, соттарға мониторинг жасап, түрлі жиындарға қатысуға, әлеуметтік желіге саяси емес тақырыптармен шығып, эфир жүргізуге, кітап жазып, оны шығарып, көпшілікке таныстыруға рұқсат етіле ме, жоқ па деген сұрақ қойған. Судья Елена Кван белсендіге аталған іс-әрекеттерді жүргізуге тыйым салынғанын айтқан.
Инга Иманбайдың сөзінше, сот отырысының соңында судья Жанболат Мамайға белгіленген жазаны өтеу шартын бұзбау керектігін, әйтпесе қамалатынын ескерткен.
Саяси белсенді Жанболат Мамай 2022 жылдың ақпан айында қамауға алынған. Былтыр қараша айына дейін тергеу абақтысында отырды. Кейін үйқамаққа шығарылған.
Биыл сәуірде Мамай Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар бойынша алты жыл шартты жаза кесілген еді. Үкімге сай, оған осы уақыт аралығында журналистік және қоғамдық саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. 29 маусымда үкім күшіне енген. Белсенді сот үкіміне келіспейтінін мәлімдеген.
Таяуда Жанболат Мамайдың адвокаты Конституциялық сотқа шағымданған. Шағымда сот процесі кезінде белсендінің қорғану құқығы бұзылғаны жазылған.
ПІКІРЛЕР