Accessibility links

Ресей билігі жазған оқулық Кавказда ескі жараның аузын ашты


Солтүстік Кавказдағы қоғам қайраткерлері, мұғалімдер мен басқа да тұлғалар Ресейдегі жаңа тарих оқулығына қарсылық білдіріп жатыр. Олар оқулық Иосиф Сталиннің қылмысын ақтап, тоталитарлық режим құрбаны болған этникалық топтар туралы ескі стереотиптерді қайта жаңғыртып отыр дейді.

Ресей білім министрі Сергей Кравцов осы айда Карачаево-Черкесский ауданына жасаған сапары кезінде Солтүстік Кавказда қарсылыққа ұшыраған жаңа тарих оқулығының даулы бөлімін қайта қарауға келісті. Бұл туралы 23 қыркүйекте өңір басшысы Рашид Темрезов Telegram-арнасына жазды.

Жаңа тарих оқулығы авторларының бірі – 2012-2020 жылдары мәдениет министрі болған Владимир Мединский. Ол советтік идеологиялық пропаганда әдісін қайталағаны үшін сынға ұшыраған.

Жарық көргелі сыннан көз ашпаған тарих оқулығында диктатор Иосиф Сталиннің шешен, қарашай, ингуш, балқар, қалмақ, месхетин түріктері, қырым татарлары сияқты ұлттарға қолданған депортациясы қылмыс деп көрсетілмейді. Аталған ұлт өкілдері Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде нацистерге көмектесті деген күдікпен туған жерінен шалғай аймақтарға күштеп көшірілген. Депортация салдарынан жүздеген мың адам қаза тауып, көп халық демографиялық апатқа ұшыраған.

1991 жылы Совет Одағында "Репрессияға ұшыраған халықтарды ақтау туралы" заң қабылданғаннан кейін коллаборационизм айыбы ресми түрде алынған. 2014 жылы Ресей президенті Владимир Путин де "репрессияға ұшыраған халықтарды толық ақтау туралы" заңға қол қойды.

Депортация құрбаны болған қырым татарларын еске алу шарасының қатысушысы.
Депортация құрбаны болған қырым татарларын еске алу шарасының қатысушысы.

Тарих оқулығындағы депортация туралы бөлімде депортацияланған халықтар оккупанттармен сыбайлас болғаны айтылады.

Кітапта сталиндік депортацияны "Ұжымдық жазалау кезінде бандиттер мен коллаборационистер ғана емес, көп жазықсыз адам да қуғын-сүргінге ұшырады. Депортацияланған азаматтар көп зардап шекті. Олар 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана әділдікке қол жеткізді" деп жұмсартқан жері де бар. Оқулық авторлары депортацияны АҚШ-тың соғыс кезінде Жапонияда туған америкалықтарды лагерьге қамауымен салыстырады.

"Қуғын-сүргін көрген халықтардың өңір басшыларынан құрылған жұмыс тобы бір аптадан бері білім министрлігінің басшылығымен осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр. Жұмыс тобының мүшелері оқулық авторы Владимир Мединскийге пікірін жеткізді, ол сынмен келісіп, қатесін түзеуге дайын екенін айтты" деп жазды Темрезов.

Солтүстік Кавказда жаңа оқу жылы басталғалы тарих оқулығы қызу талқыланып жатыр.

Ресейдегі Кавказ халықтары конгресінің төрағасы Алий Тоторқұлов кітапта Сталиннің ескі жаласы қайталанғанын, автор депортация салдарынан халқының 30-50 пайызынан айырылған этникалық топтарды қорлап отырғанын айтты. Ол оқулықты Ресей халықтарының бірлігіне нұқсан келтіретін жарылғыш затқа теңеді.

"Жыл сайын депортацияны еске алып, жазықсыз құрбан болған адамдарды еске аламыз. Жарамыздың аузын неге тырнап отыр?" деді ол.

Ингушетияда ЦОРИ қоғамдық ұйымы өңірлік заң шығарушы органды оқулықта "ұлтаралық араздық туғызу" белгілері бар-жоғын тексеруге және болашақта оқу материалдарын тексеріп отыратын тұрақты орган құруға шақырды.

Ингушетия астанасы Магас қаласының бұрынғы мэрі Беслан Цечоев Instagram парақшасына оқулық "әділетсіздік пен қорлаудан" тұратынын айтып, Мединскийден кешірім сұрауды талап етті.

23 қыркүйекте Шешенстанның өңірлік парламент басшысы Магомед Даудов оқулық СССР кезінде қуғын-сүргін көрген халықтар арасында наразылық туғызғанын жазды. Оның айтуынша, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров мектептерден Мединскийдің оқулығын алып тастауды тапсырған.

Кейінірек Даудов жазбасын өшіріп тастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG