Accessibility links

Бас прокуратура: Самат Әбіш бір қылмыстық бап бойынша ғана күдікке ілінген


Самат Әбіш.
Самат Әбіш.

Экс-президенттің немере інісі Самат Әбіш бір ғана бап – "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша күдікке ілініп отыр. 27 қыркүйекте мәжілісте журналистер сұрақтарына жауап берген бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Самат Әбіш үстінен қылмыстық іс Қаңтар оқиғасынан кейін "біраз уақыт өткеннен" кейін қозғалған.

"Қылмыстық істің жай-жапсары және Самат Әбіштің оған қаншалықты қатысты екені әзірге белгісіз. Қазіргі кезде Самат Әбіштің құқықтық статусы туралы нақты ақпарат жоқ. Қосымша ақпарат тергеудің дамуына қарай жарияланады" деді Шындалиев.

Ол Самат Әбішке қылмыстық іс қашан қозғалғанын "білмейтінін" айтты, алайда Қаңтар оқиғасынан кейін 1,5 жылдан соң тергеу басталды деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол "тергеу органдарымен сауда туралы" мәліметтерді орынсыз деп атады.

Оның айтуынша, Самат Әбіш қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр. Оның сөзінше, ол тұратын орынға арнайы күзет қызметі қойылмаған. Шындалиевтің сөзінше, Самат Әбіш қазір Қазақстанда тұрады, бірақ нақты қай қала екенін айтпады. Тамыз айында Ulysmedia.kz Самат Әбіш Алматыда екенін хабарлаған.

27 қыркүйекте журналистер бас прокуратура өкілінен "Самат Әбіш қашып кетпей ме? Ондай қауіп жоқ па?" деген сұрақ қойды.

"Тергеу органдары оның қашпайтынына сенімді сияқты. Ол тергеу органдары алдында міндеттерін заңға сәйкес атқарып жатыр. Сондықтан бұлтартпас шарасын қолдануға қажеттілік жоқ" деді Шындалиев.

Өткен аптада бас прокуратура ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған. Оған "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылғаны хабарланды.

18 қыркүйектегі сот отырысында Руслан Искаков 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК басшысының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш бұйрық берді деген. Келесі күні бас прокуратура экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты "Қаңтар кезінде қылмысын асыра пайдаланды" деген күдікпен тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

18 қыркүйекте Искаков сотта "Самат Әбіштің Қаңтар оқиғасындағы әрекетін жасыру үшін ісін бір жылдан соң құпияландырып тастағанын" да айтқан.

"Олар Самат Әбіштің бұйрығын орындағанымды айтуға шектеу қоюға тырысып жатыр" деген еді Искаков сотта.

  • ҰҚК басшысының бірінші орынбасары болған Самат Әбішке қатысты іс Қаңтар оқиғасынан көп уақыт өткен соң қозғалды. Ал ҰҚК төрағасы болған Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары Қаңтар оқиғасынан соң сотталған. Оларға "қызметін асыра пайдаланды", "билікті басып алмақ болды" деген айыптар тағылған еді.
  • Сарапшылардың пайымдауынша, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ықпалы әлсірегенін айтады. Назарбаевтың туыстары мен жанындағы адамдары Қаңтар қырғынынан кейін қызметтен кетіп, кейбірі істі болып қамалған.
XS
SM
MD
LG