Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары барысында канцлер Олаф Шольцпен кездесіп, Транскаспий бағытының әлеуетін пайдалануға үндеді. Бұл жөнінде Ақорда жазды.
Ол сонымен бірге неміс тарабын Каспийдегі Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын дамытуға атсалысуға шақырды.
Ақорданың жазуынша, Тоқаев жеке неміс инвесторларының қатысуымен жобаны қаржыландыру бойынша екіжақты жұмыс тобын құрып, ортақ шикізат жобаларын жүзеге асыру жөнінде консорциум құру туралы ұсыныс айтқан.
Неміс жағына сонымен бірге жасыл сутек тәрізді қалпына келетін энергия көздерін дамыту бойынша "тығыз қарым-қатынас" орнату ұсынылған.
"Бұл ретте Маңғыстау облысында Svevind Energy неміс-швед компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан "жасыл" сутекті өндіру жобасының маңыздылығы атап өтілді" деп жазылған хабарламада.
Ақпаратқа қарағанда, келіссөз барысында транзит-көлік саласындағы әріптестікті нығайту және Қазақстан азаматтарына виза режимін жеңілдету мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылған.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға мұнай тасымалын жылына 200 мың тоннадан 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуды ұсынған. Қазақстан мұнайы Германияға ресейлік "Достық" құбыры арқылы тасымалданады және мұнай көлемін арттыру үшін Қазақстан Ресей энергетика министрлігінен рұқсат сұрауға тиіс. Ресей әзірге ауызша рұқсат берген.
Тамыз соңында Bloomberg басылымы Қазақстан Ресейді айналып өтетін бағыт арқылы мұнай тасымалдау үшін танкерлер сатып алғанын хабарлаған. Каспий теңізі арқылы әрқайсысы 80 мың тонна мұнай тасымалдайтын екі танкер сатып алынған, Қара теңіз арқылы тасымалдау үшін тағы осындай екі танкер сатып алу жоспардланып отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан 2023 жылдың алғашқы тоқсанында Еуроодаққа тасымалдайтын мұнай көлемін 71 пайызға дейін ұлғайтқан. Былтыр бұл көрсеткіш 65 пайыз болған.
Германиядан бөлек, Қазақстан мұнайын Италия да сатып алады. Соғысқа дейін Италияны ресейлік "Лукойл" мұнаймен қамтамасыз етіп келген. Италияға алғашқы тоқсанда экспорт көлемі 38 пайызға жеткен, былтыр бұл көрсеткіш 28 пайыз болған. Францияға тасымалданатын Қазақстан мұнайы 5-тен 7 пайызға артқан, Румынияа 4-тен 7 пайызға ұлғайған.