Accessibility links

Әділет министрлігін сотқа берген тіркелмеген "Атажұрт" партиясының өтініші орындалмады


Тіркелмеген "Атажұрт" партиясының өкілдері Астанада баспасөз жиынын өткізіп отыр. 26 ақпан 2023 жыл.
Тіркелмеген "Атажұрт" партиясының өкілдері Астанада баспасөз жиынын өткізіп отыр. 26 ақпан 2023 жыл.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты әділет министрлігін сотқа берген тіркелмеген "Атажұрт" партиясының өтінішін орындамады. Тіркеуге екі рет өтініш беріп, екеуінде де өтініші орындалмаған "партия өкілдері" министрліктің әрекетіне шағымданып, оны сотқа берген еді. 29 қыркүйекте сот "Атажұрт" партиясының министрлікке шағымын негізсіз деп тапқан.

– Сот біздің талап-арызымызды қанағаттандырмады. Сот біздің талабымызды кері қайтару себебін екі жайтпен түсіндірді: біріншісі – бастама топ мүшелерінің тізімінде өлген адамдар бар (яғни, "Саяси партиялар туралы" заңның 8-бабына қайшы – Қ.А) ; екіншісі – бастамашыл топ мүшелердің тізімін EXCEL форматында ұсынбадыңыздар деді. Бүгін әділет министрлігінің өкілі де тура осы жауапты алға тартып тұрып алған еді. Сот барысында талапкер жақ "8-баптың нақты қай жеріне қайшы? Кім өлген? Кім әскери қызметте? Кім кәмелетке толмаған ? Кім шетел азаматы?" деп сұрап еді, әділет министрлігінің өкілі "бұл азаматтардың жеке құпиясына жатады, оларды әшкерелей алмаймыз" деді. Кейін сот та дәл сондай шешім шығарды, – деді тіркелмеген "Атажұрт" партиясының Астана қаласы өкілдегінің жетекшісі Қапар Ахатұлы.

Оның айтуынша, заң бойынша бастама топтың саны 700-ден кем болмауға тиіс. Ал партияға өтініш тапсырған кезде барлығы Қазақстан азаматы куәлігін көрсетіп, басқа партияға мүше емес екенін және өзі туралы өзге де маңызды жайттарды айта отырып, видеомәлімдеме жасаған.

"Сондықтан біз бұл тізімді жасаған кезде өлген адамдар болмады деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл шешімді "Атажұрт" партиясын тіркемеу үшін ойлап табылған сылтау ғана деп қараймыз" деді Қапар Ахатұлы.

29 қыркүйекте Азаттық сотқа қатысқан министрлік өкілінің ұялы телефонына хабарласқан. Алайда ол "министрліктің өзіне хабарласыңыз" деп сот бойынша сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Азаттық әділет министрлігінің баспасөз қызметінен жауап ала алмады.

"Атажұрт" партиясын құру жөніндегі бастамашы топ өкілдері бұған дейін министрлікке 700-ден астам адамның қолы мен видеожазбасын апарып, тапсырғанын, министрлік адамдар тізімінде "кәмелетке толмағандар мен басқа партияға мүше азаматтар барын" айтып, кері қайтарғанын айтқан. Бірақ нақты қанша адам екенін, нақты кімдер екенін айтпаған.

"Атажұрт" Қазақстанда тіркеле алмай жүрген жалғыз партия емес. "Алға, Қазақстан" оппозициялық ұйымы да 20-ға жуық рет құжат тапсырып тіркеле алмаған. Билікті қатаң сынап жүрген тіркелмеген партияның жетекшісі Марат Жыланбаев қазір "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремизмді қаржыландыру" баптары бойынша қамауда отыр. "Қазақстанның демократиялық патиясы", "Ел тірегі" партиялары да ресми түрде тіркелуге тырысып келеді. "Біздің таңдау" партиясын тіркеуге талпынған оппозициялық саясаткерлер бұған дейін "билік тәуелсіз партияларды тіркеуге құлықсыз болғандықтан", жұмысын тоқтататынын мәлімдеген.

Қазақстан билігі саяси себеппен партияларды тіркемей отыр деген тұжырымды терістейді. Олар елде саяси қудалау жоғын алға тартады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG