Accessibility links

Қаңтар оқиғасынан кейін сотталып, азапталған Тимур Дәнебаевты Астана абақтысына ауыстырды


Kazakhstan - Timur Danebayev, activist
Kazakhstan - Timur Danebayev, activist

Қамаудағы белсенді Тимур Дәнебаев Көкшетаудағы №65 мекемеден Астанадағы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) №64 мекемесінің абақтысына ауыстырылған. Бұл жөнінде адвокаты Жалғас Сапарханова хабарлады.

Бұл ақпаратты адвокатқа тергеу тобының жетекшісі хабарлаған. Белсендіні Астанаға өткен аптаның жұмасына ауыстырған, бұл туралы 3 қазанда белгілі болды.

"Өткен бейсенбіде тергеуші хабарласып "арыздарыңыз түсті, бүгін ауыстыру туралы құжатқа қол қойдық" деді. Дүйсенбіде Астанаға ауыстыратынын айтқан. Өткен жұмада ауыстырыпты",- деді Сапарханова.

Қыркүйек айында Тимур Дәнебаевты Атбасардағы уақытша ұстау изоляторынан Көкшетауға ауыстырған. Тергеуші Дәнебаевқа "психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалды, соны өткізу үшін Көкшетауға ауысады" деген еді.

Адвокаттың Азаттыққа айтуына қарағанда, тергеуді Көкшетау қалалық прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізіп жатыр.

6 қыркүйекте ҚАЖК ресми сайтында Дәнебаевты азаптауға байланысты Ақмола облысы қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бастығы және оның орынбасары, колония бастығы мен 11 қызметкерді жұмыстан босату ұсынылғаны хабарланған. Адвокат Жалғас Сапарханова "11 қызметкердің екеуі әлі сол мекемеде жұмыс істеп жүр" деген ақпарат алдық дейді. Ол Бас прокуратураға мекемеге тексеріс жүргізуді талап етіп, өтініш жіберген.

"Тергеу органдары басында оны ҰҚК-нің Астанадағы тергеу изоляторына ауыстырылатынын айтқан. Себебін сұрағанымда "Атбасардағы мекеме тарапынан қызметкерлер басқа мекемелерге барып қысым көрсетуі мүмкін. Ал ҰҚК-де қауіпсіз" деді,- дейді Сапарханова.

4 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратурасы Атбасар ауданындағы №1 түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғандарға күш қолданғаны 3 қыркүйекте әлеуметтік желіге шыққанын хабарлаған. Прокуратура бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Бұл іс бойынша күдікті бар-жоғын, қанша тұтқын жәбірленгенін жазбаған еді.

Адвокат Сапарханованың айтуынша, Атбасар колониясында 40 азамат азапталған. Соның ішінде үш адам ғана арыз жазған. Олар Көкшетауға бірге ауысқан.

"Кеше маған Тимур Дәнебаевтан хат келді, олар адам құқықтарын қорғау ұйымдарына арыз-шағымдарын жолдапты. Астанаға ауысқан соң Тимур Дәнебаевты шартты жазамен босату туралы өтініш түсіретін боламыз",- деді Сапарханова.

38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылы 23 желтоқсанда қамауға алынған. Маусым айында сот оны "араздық тудырғаны үшін" үш жарым жылға бостандығынан айырған. Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде Қаңтар оқиғасы кезінде ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған, Ресейдің Украинаға басып кіргенін айыптаған. Тимур Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен үкім күшінде қалған.

2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Тимур Дәнебаев "Алматыға 20 бандит шабуыл жасады" деген президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қылмыстық жауапқа тартуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG