4 қазанда Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кемел Тоқаев атындағы аудиторияның ашылуы өтті. Одан бөлек "Детектив дарабозы" кітабының тұсаукесері болды. Ақпаратқа қарағанда, университетте жазушының қызмет жолы мен шығармашылығына арналған фотокөрме мен деректі фильм көрсетіледі.
"Кемел Тоқаев — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі" делінген хабарламада.
Шараға президент әкімшілігінің өкілдері де шақырылған. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келуі керек болған деп айтылады. Бірақ ашылу рәсімінде министр көрінбеді. Жергілікті билік өкілі ретінде Алматы әкімінің орынбасары қатысты.
"Детектив жанры әсіресе, ер балаларды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Осы жанрды әрі қарай дамыту қажет. Ол мемлекетіміздің қалыптасуына үлкен әсер етеді" деді ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.
Жазушы Кемел Тоқаев 1923 жылы Жетісу облысы Қаратал ауданында туған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Түрлі басылымдарда, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған. Шығармаларының басым бөлігі – детектив жанрында. Кемел Тоқаев 1986 жылы дүниеден озды.
Бір күн бұрын Алматыда Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен. Шараны Қазақстан жазушылар одағы ұйымдастырған.
Одан бөлек кітапхана мен оқу орындарында жазушы туралы әдеби сағаттар мен портреттік кеш өтіп жатыр. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде арнайы жазбалар жарияланды.
Осыған дейін президенттің туған жері Жетісу облысы Қаратал ауданында жергілікті билік президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай портреті бейнеленген 50 кілемше жасатуды жоспарлап, тендер жариялағанын, ізінше одан бас тартқан.
Кей сарапшылар кейінгі кезде елде президенттің әкесі Кемел Тоқаевты ұлықтайтын шаралар жиілеп кеткенін айтып, Назарбаев тұсында кеңінен етек алған “жағымпаздану жарысы” қайта басталды деп санайды. Бұған дейін кейбір Телеграм-арналар "кемелдену" тенденциясы туралы жазған.
ПІКІРЛЕР