Accessibility links

Алматыда абақтыда отырған соғысты сынаған Ресей азаматына экстрадиция қаупі төнді


Наталья Нарская
Наталья Нарская

Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынаған Наталья Нарскаяны Ресейге экстрадицияламақ. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Sota телеграм-арнасы хабарлады.

5 қазанда журналист Евгения Балтатарова да Қазақстан билігі Наталья Нарскаяны 25 қазанға дейін Ресейге экстрадицияламақ болып отырғанын жазған. Оның болжамынша, Қазақстан бас прокуратураның шешімі де шығып қойған болуы ықтимал.

Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптап сұхбат берген ресейлік Наталья Нарская екі айдан бері Қазақстан абақтысында отыр. 22 шілдеде Алматы полициясы оны Ресейдің сұрауы бойынша ұстаған. Кейін сот Нарскаяны 12 айға қамау туралы шешім шығарды.

Осы іспен айналысып жатқан адам құқықтары жөніндегі бюро қызметкері, құқық қорғаушы Денис Живагоның айтуынша, Нарская Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, өтініш тастамаған. Сондықтан Қазақстан оны экстрадиция тәртібімен Ресейге бере алады. Егер ол ресми Астанадан босқын мәртебесін сұраса, Қазақстанда шамамен бір жылға дейін қала алады.

Денис Живагоның сөзінше, бұған дейін Нарская келісімшарт, құжаттарды жыртып тастаған. Құқық қорғаушы "қамаудағы Ресей азаматының психикалық жағдайы қиын" дейді.

Қазақстан бас прокуратурасы әзірге бұған қатысты реакция білдірмеді.

29 жастағы Наталья Нарская соғысқа дейін Ресейде вокалдан сабақ берген. Ресей Украинаға басып кірген соң Алматыға көшкен. Оған Ресейде "бұқаралық ақпарат құралдары арқылы экстремистік әрекетке шақырды, әлеуметтік араздық қоздырды" деген айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған.

Құқық қорғаушының айтуынша, Нарскаяның қудалануына YouTube-тегі арналардың біріне берген сұхбаты ілік болған. Онда Нарская Ресей билігі мен соғысты қолдайтын ресейліктерді сынайды. Нарская сұхбатта өзін "русофобпын" деп атайды.

Соғысты сынап сұхбат берген Ресей азаматы Қазақстан абақтысында отыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:33 0:00

Қазақстан билігі Ресей сұрау салған кейбір азаматтарын еліне қайтарған. Былтыр жылдың аяғында Қазақстан мобилизациядан қашқан Федерациялық күзет қызметінің майоры Михаил Жилинді құқық қорғаушылардың сынына қарамастан Ресейге қайтарды. Ол былтыр қыркүйекте шекараны заңсыз кесіп өтіп, қазақстандық шекарашылардың қолына түскен. Кейін босатылып, қаладан кетпеу туралы қолхатпен жүрген. Жилин саяси босқын мәртебесін сұрады, бірақ Қазақстан билігінен өтініші орындалмайтыны туралы жауап алды. Биыл Ресей соты Жилинді мобилизация кезінде әскери қызметтен қашу, шекараны заңсыз кесіп өту баптары бойынша 6,5 жылға соттап, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге жіберді. Жилиннің туыстары Ресейде ол азаптауға тап болатынын айтқан еді.

Қазақстан босқын мәртебесін сұраған Ресей азаматы Игорь Санджиевтің де өтінішін орындамады. Оған да қазір депортация қаупі төніп тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG