Accessibility links

Сот оралдық белсендінің шартты жазасын түрмемен алмастырды


Азаматтық белсенді Амангелді Оразбаев сотта (ортада). Орал, 11 қазан 2023 жыл.
Азаматтық белсенді Амангелді Оразбаев сотта (ортада). Орал, 11 қазан 2023 жыл.

Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты белсенді Амангелді Оразбаевты түрмеге жіберу туралы қаулы шығарды. Биыл ақпанда Орал соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған Оразбаев пен белсенді Маруа Ескендірованың бостандығын шектеген. Сот бұған қоса, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуларына тыйым салған.

Белсендінің жазасын қатайтуды пробациялық бақылау органының қызметкерлері сұраған. Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Гүлнар Гимадутдинова Оразбаевтың өтелмеген жазасын түрмеге алмастыру туралы қаулы шығарды.

Пробация қызметі арыздарында Оразбаев екі рет пробация шарттарын бұзғанын жазған. Іс материалдарына қарағанда, Амангелді Оразбаев 15 мамырда "тыйымға қарамастан Facebook желісінде мемлекеттік тілдегі роликті репост жасаған". Оразбаевқа үкім шартын бұзғанын пробация органдары екі күннен кейін хабарлаған, бірақ "ол түсіндіруден бас тартқан". Сол кезде шартты жазаны түрмеге алмастыру туралы алғаш рет ескерту берілген.

—28 мамырда сағат 13:44-те "Ардагер" ауданында жүріп, ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық бұзды деп танылып, оған айыппұл салынды. Оразбаевты пробация органдары шақырған кезде ол өзін кінәлі санамайтынын айтты,— деді іс материалдарынан үзінді оқыған судья Гимадутдинова.

Сот шешіміне сәйкес, белсенді қалған 3 ай 15 күн жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Ал белсенді Амангелді Оразбаев сот шешімімен келіспейтінін айтып, шешімді апелляцияға беретінін жеткізді. Белсенді жазаның күшеюін 25 қазанға белгіленген жалпыреспубликалық митингімен байланыстырды. Оразбаевтың айтуынша, жазаны қатайтуға негіз болған оқиға көктемде болса да пробация органдары сотқа енді ғана шағымданғанын да атап өтті.

"Мен ешқандай жазба жариялаған жоқпын. Тіпті өз парақшамда белсенділердің ондай видеосы барын да білмеппін. Әкімшілік айыппұл бар, мен оны төлеп тастағанмын, бірақ оның бұл іске қатысы жоқ – мен таксист болып істеп жүрген кезде өзім тасыған жолаушылармен дауласып қалғанмын. Біреуі мені ұрып жіберді, тіпті бассүйегім зақымданып, ауруханада да жаттым. Іс сотқа жетіп, оларға да айыппұл салынды" деді Оразбаев.

Оның адвокаты Жанболат Күлжанов Азаттыққа сот шешіміне кейін түсініктеме беретінін айтты.

Бейбіт наразылық акцияларына жиі қатысып жүрген Орал тұрғыны, азаматтық белсенді Амангелді Оразбаев биыл 15 ақпанда "тыйым салынған ұйыммен" байланысты бағдарлама жазылған "үнпарақ таратқаны үшін" сотталған. Сот оның бостандығын 1,5 жылға шектеп, екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салды. Өткен айда Оралда сот азаматтық белсенді Маруа Ескендірованы бостандықты шектеу жазасынан мерзімінен бұрын босатқан, бірақ қоғамдық-саяси қызметке тыйым жазасын қалдырған.

XS
SM
MD
LG