Алматы тергеу соты саха белсендісі Айхал Аммосовты (Игорь Иванов) 40 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Ол Ресейдің сұрауы бойынша ұсталған. Бұл жөнінде адвокаты Мұрат Адам Азаттыққа хабарлады.
"Сот менің қатысуымсыз 40 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарған. Бүгін (12 қазан) таңертең ғана істі сотқа жібердік деді. Материалды басқа адвокаттардың қатысуымен өткізген. Сот шешіміне қарсы шағым түсірдім", - деді адвокат.
Оны Алматыдағы СИ-18 тергеу абақтысына қамаған.
Айхал Аммосовқа қарсы Ресейде "армия беделін түсірді" деген бап бойынша іс қозғалған.
- "Орыс армиясының беделіне нұқсан келтірді" деген бап бойынша оны сұрап отыр. Бұл бап бізде қылмысқа жатпайды. Сол себептен оны экстрадициялауға негіз жоқ. Бірақ оған қарсы Ресейде "экстремизмге шақырды" деп іс қозғай салуы мүмкін", - деді адвокат Мұрат Адам.
Айхал Аммосов Алматыда жүк тасушы болып жұмыс істеп жүрген жерінен 9 қазанда полиция ұстап әкеткен.