Accessibility links

"Кадр тапшылығы мәселесі күйіп тұр". Еңбек мигранттары неге Ресейден кетіп жатыр?


Ресейде Орталық Азиядан барған мигранттар жұмыс істейтін такси, клининг қызметі, азық-түлік дүкендері жұмыс күші жетіспейді деп дабыл қағып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Ресейден мыңдаған мигранттың кетіп қалуымен байланысты. Ресми ақпаратқа жүгінсек, биыл алғашқы алты айда Ресейге табыс қуып барушылар былтырмен салыстырғанда екі есеге азайған.

ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ НЕГЕ РЕСЕЙДЕ ЖҰМЫС ІСТЕГІСІ КЕЛМЕЙДІ?

"Такси жүргізушілері мен курьерлер қауымдастығы мигранттардың кетуіне байланысты кадр тапшылығы туғанын мәлімдеді", "Мәскеу мейрамханалары аспаз бен барменсіз қалды", "Рестораторлар аспаздар мен бармендер орны босап қалғанын хабарлады" – ресейлік БАҚ осындай тақырыппен мақалалар жазып, соңғы айда еңбек нарығындағы жағдайды қызу талқылай бастаған.

Мәскеудің такси қызметінде жұмыс істейтін Бақыт "Азаттыққа" жұмыс күшінің жетіспеуі барлық салада байқалатынын айтты.

"Соғыс басталғаннан кейін бе, әлде басқа ма, әйтеуір соңғы 1-2 айда, әсіресе, пандемиядан кейін бұрынғыдай Ресейге келіп, жұмыс таппай далада қалды деген адамды естімедім", – дейді ол.

Бақыттың сөзін тағы бір қырғызстандық азамат Өмірбек растады:

"Мәскеудегі жүргізушілердің 70-80 пайызы – қырғыздар. Жұмыс күші жетіспей жатыр деген әңгіменің жаны бар. Мәселен, "Яндекс" қызметі жұмыс істеймін дегендердің бәрін қабылдап жатыр".

Ресей ІІМ мәліметінше, Ресей Федерациясына табыс табуға келген мигранттардың саны 2020 жылғы карантин кезінен басқа уақыттың бәрінде жыл сайын өсіп отырған. Бұл өсім 2023 жылға дейін жалғасқан. Мысалы, 2022 жылы Ресейге 11,8 миллион шетелдік келген. Ал 2023 жылдың алғашқы алты айында 3,5 миллион адам ғана келді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда екі есе аз.

Екі апта бұрын "Верстка" басылымы: "Еңбек мигранттары неге Ресейде жұмыс істегісі келмейді?" деген сауал тастады.

Мақала авторы Рита Логинова мигранттардың Ресейден кетіп жатуының себебін анықтау үшін сарапшылармен тілдескен. "Ең маңыздысы, әрине, экономикалық фактор. Өйткені соңғы кезде рубльдің долларға шаққандағы құнының шатқаяқтауы Ресейге маусымдық жұмысқа келудің тиімсіз екенін көрсетті", – деді Логинова ВВС-дің орыс қызметінің подкастында. Ол ең болмағанда бір шет тілін білетін мигранттар Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Түркияға жұмысқа кетіп жатқанын қоса айтты.

Логинова экономикалық себептерден өзге, Ресейдегі ксенофобияны екінші маңызды себеп деп есептейді.

Азаттық бұған дейін Ресейдің аймақтарында антимиграциялық наразылықтар күшейіп бара жатқанын жазған. Құқыққорғаушы Александр Ким "Азаттық" бағдарламасының эфирінде мигранттарға қарсы жылдар бойы жүріп келе жатқан үгіт-насихат қоғамда "ксенофобия – қалыпты жағдай" дегендей пікір қалыптастырды деді.

Ресейдегі мигрант құрылысшылар. 2011 жыл.
Ресейдегі мигрант құрылысшылар. 2011 жыл.

МЕЙРАМХАНАЛАР АСПАЗСЫЗ ҚАЛДЫ

Мәскеудегі "Китайские новости" мейрамханалар желісінің негізін салушы Станислав Лисиченко қызмет көрсету салаларында, әсіресе мейрамханаларда жұмысшылар жетіспейді деген ақпаратты растады. Ол туралы Telegram-дағы арнасына былай деп жазды:

"Мәскеудің мейрамханалар нарығында кадр тапшылығы мәселесі күйіп тұр. Аспаз деген атымен жоқ. Біреулер АӘО-дан қорқып (Арнайы әскери операция – Кремль Украиндағы соғысты осылай атайды), кетіп қалған. Енді біреулер мобилизациямен, біреулер өз еркімен кеткен. Оған қоса соңғы жылдары шетелдіктердің үйіне жіберіп отырған табысын 40 пайызға дейін азайтып жіберген доллардың курсы – бәрі еңбек нарығына кері әсер етіп жатыр".

Мейрамханаларда қызметшілердің жетіспеуі 2023 жылдың маусымынан сезіле бастады деген "Воккер" жедел тамақтану желісінің ақпараттық қызметіндегілер РБК басылымына. Олар бұл мәселені жалақыны көтеру арқылы ғана реттеп жатқанын айтты.

"МИГРАНТТАР ЖАҚСЫ ЖАЛАҚЫ ҮШІН БӘРІНЕ КӨЗ ЖҰМА ҚАРАЙТЫН"

Құқыққорғаушылардың айтуынша, Ресейде кезектен тыс сайлау немесе басқа да науқандар кезінде мигранттарға қарсы іс-шаралардың күшеюі қалыпты жағдайға айналған. Рубль тұрақты кезде Орталық Азиядан келген мигранттар бәріне шыдайтын, ал қазір "жаппай кемсіту, тінту мен рейдтер, заңсыз депортация, БАҚ-тағы мигрантофобия салдарынан олар кері кетуге мәжбүр", – дейді миграция саласының мамандары.

Ал Telegram-дағы әртүрлі националистік арналар мигранттарды соғысқа алып кетудің әр алуан жолдарын ұсына бастаған. Бірақ пікірталасқа қатысушылар әлі бір шешімге келе алмай отыр. Біреулер "мигранттардың қолына қару ұстатуға болмайды, оларды бар болғаны полигондар құрылысына және даланы минадан тазартуға пайдалану керек" десе, енді біреулер "оларды эшелондармен өз ауылдарына қайтару керек" деген пікірді қолдайды.

Соңғы кездері Ресейдің мемлекеттік Думасында мигранттар мәселесі бірнеше рет көтерілді. "Справедливая Россия" (Әділетті Ресей) қай елден көп мигрант келсе, сол елге қатысты виза режимін енгізу керек деген ұсыныс тастаса, РФКП Ресей азаматтығын алған мигранттар уақытында әскери есепке тұрмаса немесе мобилизациядан бас тартса, төлқұжаттарынан айыру керек деген бастама көтерді.

РУБЛЬ ТҰРАҚТАНАДЫ ДЕГЕН ҮМІТПЕН

РФ Украинаға басып кіргеннен бастап Ресей рублі тағынан тайды. Әсіресе 2022 жылдың наурызында ерекше құбылды. Бір жарым айдан кейін рубльдің долларға шаққанда құны ең төменгі мөлшерге дейін құлады. 9 қазанда 1 доллар 102 рубльге сатылды.

Қырғызстандық Бақыт әзір Ресейден кетпек емес. Көктемге қарай рубль курсы көтеріледі деп үміттенеді.

"Қазір бұрынғыдай ақша таппаймыз. Рубль қайта өседі деп үміттеніп жүрміз", – деді ол.

Өмірбек Ресейдегі экономикалық жағдай барлық мигранттарға әсер етті дейді. Ал басында несиесі бар адамдар мен ақша тапқысы келетіндер азғантай жалақыға да жұмыс істеуге мәжбүр.

"Қырғызстанға оралғанымызбен жұмыс таба аламыз ба, мәселе сонда ғой", – деді Өмірбек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG