Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Израиль әскері 10-11 қазанда Газа секторы мен Ливанды бомбалағанда ақ фосфоры бар қару қолданғанына айғақтары барын мәлімдеді.
Куәгерлердің видеожазбалары мен сөздеріне сүйенген ұйым осындай тұжырым жасаған. Мысалы, AFP агенттігінің Газадан жариялаған суреттерінде әуеден ақ жолақ көрінеді.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, Газада ақ фосфордың пайдаланылуы халық өміріне қауіп төндіріп, халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын бұзады.
Ақ фосфор ауада жанып, әппақ із қалдырады. Оны әскери мамандар кейде аймақты белгілеу үшін пайдаланады, алайда ол адамды қатты күйдіруі мүмкін. Оны жұрт көп жүретін жерде қолдану өте қауіпті. Халықаралық құқық оны қолдануға тыйым салмайды, бірақ оның зиянды әсеріне байланысты қолдану шарттары қатайтылған.
Израиль әскері Reuters агенттігіне "Газа секторында ақ фосфоры бар қару пайдаланылғаны-пайдаланылмағаны белгісіз" деп айтқан.
Ресейдің Израильдегі елшісі Александр Бен Цви Израиль армиясының фосфор бомбаларын пайдаланғанын жоққа шығарған.