Accessibility links

Сот: Бас прокурор "Алматы әуежайын басып алғандар" туралы айтқанда Әйгерім Тілеужанова емес – оның тегіне ұқсас адамды меңзеген


Төрт жылға сотталған белсенді Әйгерім Тілеужан. 26 қыркүйек 2023 жыл.
Төрт жылға сотталған белсенді Әйгерім Тілеужан. 26 қыркүйек 2023 жыл.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты белсенді Әйгерім Тілеужанованың бас прокуратураға қарсы түсірген шағымын қанағаттандырудан бас тартты.

Шағымға биыл қаңтарда парламентте есеп берген Қазақстан бас прокуроры Берік Асыловтың "әуежайды басып алушылар" қатарында белсендіні де атағаны себеп болған. Белсенді соттан өзіне қатысты айтылған ақпаратты ар-намыс пен абыройға нұқсан келтіреді деп танып, бас прокуратурадан бас прокурор Берік Асыловтың айтқандарын жоққа шығарып, кешірім сұрауға міндеттеуді талап еткен. Тілеужанованың адвокатының айтуынша, Берік Асыловтың мәлімдемесі айыпталушының құқықтарын бұзып, кінәсіздік презумпциясына қайшы.

11 қазанда шыққан сот шешімі сот кабинетінде әлі жарияланған жоқ.

Сот шешіміне қарағанда, биыл жыл басында депутаттың сұрағына жауап берген бас прокурор "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар, ұйымдасқан қылмыстық топ туралы айтқан, олардың арасында діни экстремистік ұйым мүшелері, бұрын сотталған, ҚДТ (Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылғанмен Еуропарламент оны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) қозғалысының жақтастары бар" деп айтқан.

"Сонымен бірге [бас прокурор өз сөзінде] Алматы әуежайын Ә. Е. Тілеужанова емес, экстремистік ұйымның екі мүшесі Нұрпейісов пен Тілеужанов басып алғанын айтқан. Прокурордың жауабында дәл сол шағым берушінің тегі айтылғаны дәлелденбеген. Сәйкесінше сот ар-намысқа тиді деген ақпарат расталмады" деп жазылған шешімде.

Соттың айтуынша, сонымен бірге "шағым беруші жақ ұсынған филологтың қорытындысы өтінішті қанағаттандыруға негіз бола алмайды, себебі маманның сараптама жүргізуге лицензиясы болмаған". Осы және өзге де жайттарды ескерген судья өтінішті қанағаттандырмаған.

Әйгерім Тілеужанованың адвокаты Айнара Айдарханова Азаттыққа берген сұхбатында сот шешімімен келіспейтінін айтты.

"Бұл азаматтық іс бойынша шешім сот үкіміне қайшы. Бас прокуратура азаматтық шағымды қарауды сот үкімі заңды күшіне енгенше кейінге қалдыруды сұрады. Әрине, мен қарсы болдым, себебі істің өзі маусымда қозғалған, ал шешім 11 қазанда шықты. 4 ай бұл азаматтық іс үшін тым ұзақ. Қалай болғанда да, Әйгерімге жаппай тәртіпсіздік бойынша айып тағылып отыр. Ал бас прокурор өз сөзінде экстремистік ұйымның мүшесі туралы және әуежайды басып алу туралы айтты, ал бұл баптар Әйгерімге тағылған жоқ. Яғни, бұл екі істің бір-біріне қатысы жоқ. Ал біз сотқа шағым түсірмес бұрын, бас прокуратура бұл іс сотта деп жауап берген, бірақ бізге мәселе Әйгерімде емес, оның тегіне ұқсас адам жөнінде болып отырғанына дәлел келірген жоқ. Енді сот үкіміне қайшы келетін ұстаным [пайда болды]", - деді Айнара Айдарханова. Ол сот шешімін апелляцияға беретінін айтты.

Адвокат Айдарханованың айтуынша, судья сот отырысы кезінде Қаңтар оқиғасы бойынша (Тілеужанова емес) Тілеужановқа қатысты қылмыстық іс бар ма деп сұраған. Адвокаттың айтуынша, сотта оған жауап болмаған.

"Олардың жауаптары әр кез әртүрлі болды. Менің ойымша, апелляциялық сот отырысы 20 қазанға шегерілгендіктен, ал бұл іс маусым айынан бері келе жатыр, сот осындай шешім шығарған. Меніңше, [тегі ұқсас адам туралы нұсқаны] ойлап тапты" деді Айнара Айдарханова.

Биыл 5 қаңтарда бас прокурор Берік Асылов парламенттің бірлескен отырысында істері әлі сотқа жетпеген белсенділер Әйгерім Тілеужанова мен Қалас Нұрпейісовті "кінәлілер" қатарында атаған. Айыпталушылардың жақтастары осылайша бас прокурор олардың құқықтарына қайшы әрекет жасап, кінәсіздік презупмциясын бұзды деп айыптады.

Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алу ісі" бойынша сот наурызда басталды. Тергеу болжамынша, Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматы әуежайы аумағында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып", жұртты "наразылыққа үндеген". Айыпталушылар тағылған айыптарды жоққа шығарған. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтқан.

Шілде айында сот Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберген. Бұған қоса, судья айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кескен. Қыркүйек басында осы үкімге қатысты апелляция соты басталды.

XS
SM
MD
LG