Accessibility links

Алматыда ұсталған саха белсендісіне Ресейде жаңа қылмыстық іс қозғалды


Якутияда соғысқа қарсы пикет өткізіп тұрған Айхал Аммосов (Игорь Иванов).
Якутияда соғысқа қарсы пикет өткізіп тұрған Айхал Аммосов (Игорь Иванов).

Алматыда ұсталған саха белсендісі, музыкант Айхал Аммосовқа (Игорь Иванов) қатысты "терроризмді ақтау" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде журналист Евгения Балтатарова хабарлады.

Осы аптада Алматыда ұсталған Аммосов 40 күнге қамалған еді. Оның қамалуы осы терроризмді ақтау туралы іспен байланысты. Бұл бап бойынша оны Қазақстаннан экстрадициялауы мүмкін, деді журналист.

Белсендіні қандай әрекеті үшін "терроризмді ақтады" деп айыптап отырғаны белгісіз. Балтатарованың болжамынша, Аммосов Қазақстанға келгеннен кейін көп алдына шығып, сөйлеген болуы мүмкін. Оны сол үшін қудалап жатса керек.

"Холод" басылымының жазуынша, Аммосов Германияға кету үшін 4 ай бойы гуманитарлық визаны күткен.

Саха республикасынан Қазақстанға келген Аммосовты Алматы полициясы Ресей сұрауымен 9 қазанда ұстаған. Адвокаттың айтуынша, жүк тасушы болып істейтін Аммосовқа сол күні ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келген. Sota арнасының жазуынша, ол ұсталмай тұрып бірнеше күн бұрын Қазақстанның күштік құрылымдары Аммосовтың тұрғылықты жері туралы мәліметтерді сұрастырған.

Якутияда соғысқа қарсы акция өткізгеннен кейін Аммосовқа қарсы "Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазақстанға келгеннен кейін де ол соғысқа қарсы қызметін жалғастырған.

Оның құқығын қорғауға Адам құқығын қорғау бюросының құқық қорғаушылары мен Берлиндегі соғысқа қарсы inTransit бастама өкілдері кіріскен.
Айхал Аммосов (паспорттағы аты-жөні: Игорь Иванов) — Якутияның (Саха) тәуелсіздігін көздейтін қозғалыс белсендісі. Ол Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағанына қарсы шыққан.
XS
SM
MD
LG