Accessibility links

Нобель сыйлығының лауреаты Малала Газадағы ауруханаға жасалған соққыны айыптады


Ауғанстандағы әйелдер құқығы туралы айтып тұрған Малала Юсуфзай. Лондон, 2022 жыл.
Ауғанстандағы әйелдер құқығы туралы айтып тұрған Малала Юсуфзай. Лондон, 2022 жыл.
Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, 2012 жылы қыздардың білім алу құқығын қорғағаны үшін пәкістандық тәліптердің шабуылына ұшыраған, қазір Ұлыбританияда тұратын Малала Юсуфзай Газа секторындағы ауруханаға жасалған соққыны айыптады.
"Газаның әл-Әхли ауруханасындағы жарылысты көріп, жаным түршікті. Мен оны [шабуылды] айыптаймын. Израиль үкіметін Газаға гуманитарлық көмек жіберуге және атысты тоқтатуға шақырамын. Шабуылға ұшыраған палестиналықтарға көмектесу үшін үш қайырымдылық ұйымына 300 мың доллар жіберемін" деді Малала X желісіндегі парақшасында. Ол өзге азаматтарды да солай істеуге үндеген.

Бір күн бұрын Газа секторындағы әл-Әхли ауруханаға әуеден соққы жасалып, жүздеген адам құрбан болған. "Әл-Жазира" арнасының хабарлауынша, кемінде 500 адам опат болған болуы мүмкін. Ақпарат құралдары Әл-Ахлидегі ауруханаға зымыран түскенін жазды.

Британдық BBC ақпарат агенттігі Таяу Шығыстағы тілшісіне сүйене отырып, үйлерінен көшуге мәжбүр болған жүздеген адам соққыға дейін аурухананы паналағанын жазды.

ХАМАС радикалды тобы соққыға Израиль әскерін айыптады. Ал Израиль армиясы (ЦАХАЛ) барлау деректеріне сүйене отырып, соққыға "Ислам жиһады" радикалды тобы қатысы барын мәлімдеген. Израиль жағының мәліметінше, Газадан Израильге қарай жіберілген ракеталардың орташа есеппен алғанда үштен бірі нысанаға жетпей, сектор аумағына құлап жатыр деді, Нетаньяхудың кеңесшісі Марк Регев BBC ақпарат агенттігіне.

Палестинаны қолдау акциялары Тегеран, Стамбул, Бейрут, Бағдадта өткен.

Газа секторындағы ауруханаға жасалған соққыны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекшісі Тедрос Гебрейесус, Канада премьер-министрі Джастин Трюдо, Түркия басшысы Режеп Ердоған, Иордания королі Абдалла II, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі айыптаған.

Ресей мен Араб әмірліктері 18 қазанда БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұраған.

Малала 2012 жылы Пәкістанда өзі оқып жүрген мектеп автобусына жасалған шабуыл кезінде басына оқ тиіп, жараланған. Шабуылды Малаланың қыздарға білім беру кампаниясына қарсы тәліптер жасаған. Малала шабуылдан ауыр жараланған, бірақ Ұлыбританияда емделіп, аман қалды. Қазір сол елде тұрып жатыр. Өзіне қастандық жасалғалы бері ол әлемді аралап, қыздардың білім алуына мүмкіндік беруге шақырып келеді. Ол 2014 жылы үндістандық құқық қорғаушы Кайлаш Сатъяртхимен бірге бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG