Accessibility links

Қамаудағы белсенді Әйгерім Тілеужанованың көзі ауырып, емханаға жеткізілген


Белсенді Әйгерім Тілеужан онлайн сот кезінде. 26 қыркүйек 2023 жыл.
Белсенді Әйгерім Тілеужан онлайн сот кезінде. 26 қыркүйек 2023 жыл.

Алматыдағы тергеу изоляторында отырған азаматтық белсенді Әйгерім Тілеужанның денсаулығы нашарлап, 18 қазанда таңертең қаладағы офтальмология орталығына жеткізілді. Бұл жөнінде адвокаты Айнара Айдарханова хабарлады.

Қазан айының басында дәрігерлер белсендіге конъюнктивит диагнозын қойған. Адвокат Facebook-тегі жазбасында белсендінің бір көзіндегі конъюнктивит екінші көзіне де жұғып, соның салдарынан Әйгерімнің екі көзі ісіп, "іріңдеп, ауырғанын" жазды. Адвокаттың айтуынша, көзінің ауруы тісі мен жағына да әсер еткен. Белсенді бірнеше күн бойы көзін аша алмаған.

Адвокат мекеме тағайындаған ем-дом белсендіге көмектеспей жатқанын айтты.

"[Мекеме айтқан] дәріні көзіне тамыза бастаған, бірақ жағдайы онан әрі нашарлап кетті. Мекеменің медициналық көмек көрсету деңгейі төмен. Жедел жәрдемді санитария бөлімі шақырған, олардың өзі шошып қалған. Біз [Әйгерімнің] тергеу изоляторынан тыс жерде медициналық көмек алуы бойынша арыз жазамыз. Ол аштық жариялағанда прокуратурадан ешкім келген жоқ. [Әйгерім] сот отырысына қатыса алмауы үшін оған қасақана салғырт қарап отырғандай әсер береді" деді Айдарханова.

Адвокаттың айтуынша, 18 қазанда таңертең Әйгерім Тілеужан мекеме бастамасымен Алматы қаласындағы №24 офтальмологиялық емханаға жеткізіліп, тексеруден өткен.

Халық арасында СИ-18 деп аталып кеткен №72 мекеменің кезекші бөлімі сәрсенбі күні күндіз Азаттық сұрағына қатысты жазбаша хат жіберуді талап етті. ҚАЖК баспасөз қызметі денсаулық сақтау министрлігіне жүгінуді сұрады, айтуларынша, олар дәрігерлер жұмысына жауапты емес.

  • Сот "әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталған Әйгерім Тілеужанованы шілде айында 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберген. Бұған қоса, судья айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кескен. Айыпталушылар үкіммен келіспеген. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтқан.
  • Қыркүйек басында осы үкімге қатысты апелляция соты басталды.
  • Бұған дейін апелляция отырыстарының бірі Әйгерім Тілеужановаға жедел жәрдем көлігі шақырылғандықтан процесс кейінге шегерілген. Келесі сот отырысы 20 қазанда өтеді.

XS
SM
MD
LG