Еуропа одағының адам құқығы бойынша Андрей Сахаров атындағы сыйлығы Иранда 22 жасында қаза тапқан Махса Әмини мен Иранның "Әйелдер, өмір, еркіндік" қозғалысына берілді.
2022 жылы қыркүйекте Иранда полиция Махса Әминиді хиджаб кимеді деп айыптап ұстаған. Кейін оны полициядан ауруханаға жеткізген еді, ол ауруханада жатып көз жұмған.
Әминидің жақындары бұл қазаға полицияның қатігездігі себеп деп санайды. Оның қазасынан соң Иранда "Әйелдер, өмір, бостандық" ұранымен жаппай наразылық басталған.
Европарламенттің сыртқы істер бойынша комитетінің басшысы Дэвид Макалистер "Әмини мен "Әйелдер, өмір, бостандық" қозғалысын марапаттау – әйелдер құқығын қорғаудағы батылдықты мойындау" деді.
Макалистердің айтуынша, Еуропарламент "өмірін әлемдегі демократиялық құндылықтарды қорғауға арнағандардың бәрін қолдай береді".
Сахаров сыйлығын Еуропарламент 1988 жылы тағайындап, "Жер бетіндегі адам құқығы үшін күреске үлес қосқандарға" беріп келеді. Сыйлықты советтік құқық қорғаушы және диссидент Андрей Сахаровтың есімімен аталады.
2022 жылы сыйлық "ержүректігі үшін" Украина халқы мен президенті Владимир Зеленскийге берілген.
2023 жылғы Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы "Ирандағы әйелдердің құқығын таптаумен күрескені үшін" қамауда отырған құқық қорғаушы Наргес Мохаммадиге берілген. Биыл қыркүйекте Наргес Мохаммади Әминидің қазасына бір жыл толуына орай New York Times басылымына пікірін жариялаған.
ПІКІРЛЕР