Accessibility links

Бас прокуратура: Бұрынғы министр Бекетаев Қазақстаннан қашып кетпек болған


Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев

Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстаннан қашуға оқталған кезде ұсталды. 26 қазанда журналистердің сұрақтарына жауап берген Қазақстан бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, жуырда қамауға алынған бұрынғы министр "қызметтік өкілетін асыра пайдалану", "мемлекетке ірі көлемде шығын келтіру" баптары бойынша күдікке ілінген.

"Бекетаев елден қашпақ болған кезде ұсталды. Қалған ақпарат сотқа дейінгі тергеу құпиясы саналады" деді Шындалиев.

Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын 21 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлаған. Тергеу органдарының болжамынша, күдікті "қызметтерді көрсетуге келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдап", сол арқылы "мемлекетке үлкен зиян келтірген". Осы апта басында оның екі айға қамалғаны белгілі болған.

Бұған дейін жергілікті БАҚ дереккөзге сүйеніп, Бекетаев Астанадағы әуежайға жасырынып келіп, Астана-Стамбул-Лондон рейсіне билет алып, қашып кетпек болғанын, бірақ орган қызметкерлері оны әуежайда ұстағанын жазған.

46 жастағы Бекетаев 2016-2022 жылдары әділет министрі болған. Ол қанды Қаңтар оқиғасынан соң қызметінен босатылған, кейін оның премьер-министрдің кеңесшісі қызметіне тағайындалған еді. Бірақ Бекетаев кеңесші қызметінен бір жылдан кейін кеткен.

XS
SM
MD
LG