Accessibility links

Қарағанды облысында сібір жарасын жұқтырған науқастардың бірі көз жұмды


Қарағанды облысының Топар ауылында сібір жарасын жұқтырған науқастардың бірі көз жұмды. Ол облыстық клиникалық ауруханаға 23 қазанда жатқызылған. Ақпаратқа қарағанда, 75 жастағы ер адам 27 қазанда таңертең реанимация бөлімінде көз жұмған.

- Қабылданған шараларға қарамастан науқас көз жұмды. Науқастың өлімі сібір жарасы ауруының ауыр кезеңі мен қатар жүретін аурулармен байланысты. Бұған қоса, медициналық көмекке кеш жүгінген, - деді облыстық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі.

Департамент өкілдерінің айтуынша, сібір жарасын жұқтырған қалған екі науқастың жағдайы тұрақты. 24 қазанда ауруханаға жеткізілген бір адамнан сібір жарасы расталмаған.

26 қазанда Қарағанды облысының әкімдігі бірнеше тұрғыннан сібір жарасы анықталуына байланысты Топар ауылында карантин енгізілгенін хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға жатқызылған төрт науқас та Абай қаласына жақын Топар ауылында тұрады. Тағы бір адам карантинде отыр. Алғашқы науқас ауруханаға 23 қазанда түскен.

Ауылда сібір жарасы анықталып, карантин енгізілгенін журналистер әуелі әлеуметтік желіге жазба жариялаған тұрғындардан білген. Билік сібір жарасы анықталғанын 26 қазанда күндіз растады. Әкімдіктің хабарлауынша, бұзауды сойған кезде тиісті санитарлық талаптар сақталмағандықтан аура малдан адамға жұққан.

Ауылға кіреберіс жерде көліктерге тиісті зат бүркіп, тазалайтын бекет орнатылған. Биліктің айтуынша, десе де тұрғындардың қозғалысы шектелмеген. Ауылға мал әкеліп-шығаруға, шаруашылықтар арасында айдап жүруге, ауру малдардың сүтін пайдалануға, кез келген малды союға және аумақтан жем-шөп тасуға тыйым салынған.

Қазақстанда бұған дейін де сібір жарасы анықталған. Тамызда Ақмола облысы Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылында 15 адамнан сібір жарасы анықталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG