Accessibility links

Қарағанды облысында АМТ шахтасындағы өрттен қаза болғандар 21 адамға жетті


Қарағанды облысында Костенко атындағы көмір шахтасындағы өрттен қаза болғандар 21 адамға жетті. Бұл жөнінде "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

"Шахтада 23 адам қалған. 21 адамның денесі табылды". Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Штаб істеп тұр" деп жазылған компания хабарламасында.

Бұған дейін түрлі дәрежеде жарақат алған 17 жұмысшы ауруханаға жатқызылғаны, біреуі амбулаторлық емге жіберілгені хабарланған.

– Газдан уланған 15 адам токсикология бөлімінде жатыр. Түрлі жарақат алған бір науқас реанимацияда. Біреуі травмотология бөлімінде. Бір науқас амбулаторлық емдеуге жіберілді, – деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Бибігүл Төлегенова.

Апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер астынан 208 шахтер шығарылған деп айтылады.

Оқиғаға байланысты үкімет комиссиясы құрылған.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы өрт көмір оятын жерде метан жарылғаннан кейін басталған болуы мүмкін екенін хабарлады.

Ақорданың хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан қаза болған кеншілердің жақындарына көңіл айтқан. Ақорданың жазуынша, Тоқаев үкіметке "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық әріптестікті тоқтатуды тапсырған. Ол оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкімет комиссиясы құрылғанын айтқан.

Апатқа байланысты "Тау немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы (277-бап, 3-бөлік) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Костенко атындағы шахта, Қарағанды көмір бассейніндегі өзге шахталар тәрізді, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі. Компания сонымен бірге Теміртаудағы металлургия комбинаты мен қаладағы инфрақұрылым нысандарына иелік етеді. "АрселорМиттал Теміртау" арғы тегі үнді британдық миллиардер Лакшми Митталға қарайды.

Тамыз айында компанияның "Қазақстан" шахтасындағы өрттен 5 адам қаза болып, 16 адам жарақаттанған. Ресми мәлімет бойынша, "АрселорМиттал Теміртау" нысандарында кейінгі 15 жылда 100-ден астам адам опат болған.

Бұған дейін Қазақстан шенеуніктері күн тәртібінде апаттар жиілеген кәсіпорынның "иесін ауыстыру мәселесі тұрғанын" айтқан. Биліктің айтуынша, компания өндірісті жаңарту және инвестиция тарту мәселесі бойынша алған міндеттемелерін орындамаған. 2022 жылы бірнеше апаттан кейін де осыған ұқсас мәлімдемелер айтылған, алайда компания әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. 1995 жылы жекешелендіру науқаны кезінде онымен жасалған келісімшарт жарияланған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG