Қарағандыда Костенко атындағы шахтада болған апаттан кемінде 33 кенші қаза болған. Қалған 13 адам іздестіріліп жатыр. Олардың тірі қалу мүмкіндігі өте аз. 28 қазанда кешке Қарағандыдағы брифинг кезінде осындай мәлімдеме жасалды.
Брифингке "АрселорМиттал Теміртау" компаниясынан ешкім қатыспады. Тек билік өкілдері болды.
Апат 28 қазанға қараған түні болған, жер астында 252 шахтер болған деп айтылады. 206-сы өз бетімен жер үстіне шыққан. 20 адамға медициналық көмек көрсетілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көмір оятын орыннан өрт шығуы себеп болған.
Спикерлердің сөзінше, газ-ауа қоспасы жарылғандықтан осынша көп адам өлген. Шахтада позициялау жүйесі орнатылмағаны, төтенше жағдай кезінде оның жоғы анықталған.
- Әуелі жұмыс орнынан өрт шығып, адамдарға эвакуация жөнінде хабар беріле бастаған. 7-8 минуттан кейін жарылыс болды. Жарылыс қуатты болғаны соншалықты соққы толқыны екі шақырымнан астам аумаққа жеткен. Өрт ошақтары да болды. Бес адам құтқарылды, өкінішке қарай, қалған кеншілерге көмектесе алмадық. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, бар күшті 13 кеншіні іздеуге жұмсап жатырмыз , олардың орны анықталған, - деді "Кәсіби әскери апаттық-құтқару қызметі" республикалық орталық штабының Қарағанды бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский.
Қазір үкімет комиссиясы оқиғаның себеп-салдарын анықтауға тырысып жатқаны хабарланды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сенбі күні ол Қарағандыға барып, кеншілердің туыстарымен кездесіп, марқұмдардың жақындарына көңіл айтты. Ол үкіметке "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық әріптестікті тоқтатуды тапсырған.
Қайғылы оқиға "АрселорМиттал Теміртаудың" өзге шахтасы – "Қазақстандағы" ірі апаттан кейін 2,5 айдан соң болып отыр. Тамыз айында онда 5 жұмысшы опат болған. Былтыр қарашада Ленин шахтасындағы апат бес адамның өмірін қиған. Ал оның алдында жарты жыл бұрын Теміртаудағы металлургия комбинатында конструкция опырылып түсіп, 4 адамды мерт қылған.
Арғы тегі үнді британдық миллиардер Лакшми Митталға қарайтын "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 90-жылдардағы жекешелендіру кезінде алған ірі активтер - Қарағанды көмір бассейніндегі сегіз шахта, совет кезінде салынған металлургия комбинаты мен тау-кен байыту фабрикасы және Теміртаудағы инфрақұрылым нысандарына иелік етеді.
Ресми мәлімет бойынша, "АрселорМиттал Теміртау" нысандарында кейінгі 15 жылда 120-ден астам адам опат болған.
Костенко атындағы шахтада 1400-ден астам адам істейді.
ПІКІРЛЕР