Accessibility links

Иранда "хиджаб кимегені үшін" ұсталған 17 жастағы қыз Армита Гераванд ауруханада көз жұмды


Армита Гераванд
Армита Гераванд

Иранда аурухананың реанимация бөлімінде 17 жастағы Армита Гераванд көз жұмды, деп хабарлады Иран билігімен байланысты Borna.news сайты. Құқық қорғаушылардың айтынша, ол "хиджаб кимегені үшін" ұсталған кезде жарақат алған.

Ресми мәлімет бойынша, қазан басында Армита Гераванд Тегеран метросында қысымы төмендеп, құлап, бассүйек жарақатын алған. Билік өкілдерінің айтуынша, қызда "ми ісігі болған". Ол ауруханаға түскеннен кейін біраз уақыт комада болған.

Бірнеше күннен кейін Hengaw құқық қорғау тобы Армита Геравандты полиция "хиджаб кимегені үшін" ұстағанын, қыздың сол кезде жарақат алғанын хабарлады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ислам дресс-кодының сақталуын қадағалайтын әдеп полициясы ұстау кезінде қызға күш қолданған.

Иран билігі полиция Геравандқа күш қолданды деген ақпаратты терістейді. Иранның мемлекеттік IRNA агенттігі оқиға болған станциядағы бақылау камераларының жазбаларын көрсетті. Онда Геревандтың екі құрбысымен бірге пойызға кіргені көрінеді, одан кейін ес-түссіз жатқан қызды платформадан алып бара жатқаны байқалады. Пойызда нақты не болғанын көрсететін кадрлар жоқ. Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы аталған видеоны сараптап, жазба өңделген деген қорытындыға келген. Видео кемінде үш минутқа қысқартылған.

  • Былтыр қыркүйекте Тегеранда белсенді Махса Әминиді "хиджабты дұрыс кимегені үшін" әдеп полициясы ұстап, ізінше белсенді жұмбақ жағдайда көз жұмған. Марқұмның туыстары полиция оған күш қолданған дейді.
  • Әминидің өлімінен кейін Иранда жаппай наразылық тұтанды. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, наразылық кезінде 500-ден астам адам қаза болған. Әдеп полициясының жұмысы тоқтатылып, биыл шілдеде хиджаб кию үлгісін тексеру қайта басталған.

XS
SM
MD
LG