Accessibility links

Маңғыстауда атом бомбасы сынағынан зардап шеккендерге статус беру керек пе? Қарақиядағы Ресей әскери полигоны


Ядролық сынақ жайлы ('Like An Undeclared War': Russia's Toxic Test Sites In Kazakhstan) деректі фильмнен алынған скриншот.
Ядролық сынақ жайлы ('Like An Undeclared War': Russia's Toxic Test Sites In Kazakhstan) деректі фильмнен алынған скриншот.

Совет үкіметі тұсында Маңғыстауда сыналған атом бомбасы жөнінде неге көп айтыла бермейді? Маңғыстау облысы Қарақия ауданында Ресейге жалға берілген әскери полигонның халыққа зардабы қандай болды? Кезінде дауға айналған Бозжыра шатқалының қазіргі ахуалы қандай? Эко Күнделіктің кезекті эпизодының қонағы – Маңғыстау облысының қоғамдық кеңесінің мүшесі, белсенді Жәнібек Қожық.

Подкасты тыңдаңыз:

Маңғыстаудағы атом бомбасы сынағы жөнінде неге көп айтыла бермейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:19:22 0:00

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ АТОМ БОМБАСЫ СЫНАҒЫ

"Маңғыстау облысында атом бомбасы сыналған. Мұны көпшілік жақсы біледі деп айта алмаймын. Маңғыстаулықтардың өздері бұл мәлімет жөнінде көп біле бермейді. Себебі бұл жасырын, өте құпия жағдайда өткен. 1969-71 жылдары арасында Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Ақотты, Нар, Кіндікті дейтін жерлерінде осындай үлкен әскери полигон болды.

Жәнібек Қожық
Жәнібек Қожық

1969 жылы күзде әскери адамдар келді. Келгенде олар сынақ жасаймыз деп келген жоқ. "Су қорын зерттейміз" деп жүріп, сол жерден ұңғыма қаздырды. 69 жылы 6 желтоқсанда тереңдігі 110 метр болатын жерге 30 килотонналық жарылыс жасады. Екінші жарылыс 1970 жылы 12 желтоқсанда 740 метр жерге тереңдікке 80 килотонналық атом бомбасын жарды. Үшіншісі 70 жылы 23 желтоқсанда 500 метр тереңдікке 75 килотонна болатын үлкен жерасты сынағын өткізді. Ең соңғы рет 1971 жылы желтоқсанда сынақ жасап жатқанда жер астындағы бекітілген жерлер жарылып кетіп, радиация сыртқа шығып кеткен. Осы кезде барлық әскерилер сол күйі ішіп отырған тамақтарын бәрін тастап, қашып кеткен. Бірақ жергілікті халыққа дәл осындай болды, бұл жерге келмеңдер деп айтпаған. Сол кезде Маңғыстау ауданының, Қарақия ауданынының малшылары, жылқышылары жаңағы жерлерге барып, ашық жатқан тамақтарын жеген. Кейбір керекті заттарын алған. Жарылған жерлерді қарап, су шықты, ма жоқ па деп қарап көрген. Ол кезде радиация көп мөлшерде болып тұрған. Сол 71-72 жылдардан бастап сол жерде жылқы баққан, қой баққан адамдардың көбі кенеттен қан қысымынан және өзге аурулардан қайтыс болып отырған.

Сол жылы туған балалардың көбі кеміс болып қаған. Бір қолы жоқ, бір аяғы жоқ. Әртүрлі мүгедек болып туғандар бар. Бірақ кеңес үкіметінде оның бәрін жасырып, ешкімге айттырмаған және тәуелсіздік алғаннан кейін де жарияланған жоқ. Осы мәселені ең алғашқы болып көтергендердің бірі мен болатынмын. Жергілікті газеттерге жазғанмын. Бірақ Маңғыстау халқына бірде-бір рет көмек бермеген. Ешқандай жәрдемақы алмаған. Қазір біздің сұрайтынымыз осы. Атом бомбасын, сутегі бомбасын сынаған жерлерді тексеріп, радиациясын анықтап, қандай зиян көргенін бәрін анықтау керек. Жан-жақты зерттеу керек".

2004 жылы "Караван" басылымының 7 желтоқсан күнгі санында радиация қауіпсіздігі және экология институтының мамандарының аталған аумақты зерттеп, совет үкіметі кезінде жүргізілген ядролық сынақтың қоршаған ортаға әсері зерттелгені туралы шағын хабарлама шықты. Мамандардың айтуынша, сол кезде топырақ, өсімдіктер мен су үлгілері сыналған. Нәтижесінде радиациясы шамадан асқан екі аумақты анықтаған.

"[Ластанған] Учаскелердің бірі 1-Т ұңғымасының ауданында орналасқан. Мұнда шұңқыр жоқ, сондықтан ластану диаметрі 30 метрге жуық. Жер үстіндегі радиациялық сәуле сағатына 60 микрорентген, бұл осы аумақ үшін шамадан 4 есе жоғары. Шұңқыр пайда болған 6-Т ұңғымасының басында радиоактивті түрде ластанған екінші орын анықталды. Ұңғыма сағасының ішіндегі радиациялық сәуле сағатына 1500 микрорентген, ұңғыма маңында сағатына 30 микрорентген шамасында. Зертханалық зерттеулердің нәтижесінде негізінен стронций және цезий радионуклидтер анықталған. Юрий Стрильчук (институттың бөлім бастығы - ред.) атап өткендей, "адамдар ұзақ уақыт бойы жақын жерде болмаса, оларға нақты қауіп жоқ" деп жазылған хабарламада.

Ал Жәнібек Қожық бұл зерттеу жөнінен жергілікті халық хабарсыз екенін айтады.

"Мұны біз білмейміз. Мен Маңғыстаудағы әрбір істі қадағалап отыратын адаммын. Газетті де, басқаны да жібермей. Бірақ осындай келді, тексерілді, қаралды дегенді мен естіген жоқпын. Әртүрлі экологиялық комиссиялар келіп жатады, кетіп жатады. Өз іштерінде есептерін беріп отырады. Сосын мамандар өздерінің сайттарына салып қоятын болар. Ал бірақ ресми түрде халық білетіндей, басқа білетіндей нәрсе жоқ" деді ол.

Оның сөзінше, Маңғыстауда атом бомбасы сынағының әсерінен мүгедек болып қалғандардың өздері одан кемтар болып қалғанын білмейді.

"Дәрігерге барғанда жүрегің, қан қысымы тағы да басқа дейді. Сондай диагноз қояды. Соңғы кезде біз жазғаннан кейін ғана кейбірі айтып жүр. Ал дәл қазіргі сәтте мүгедек болып қалғандардың тірі қалғаны жоқ деп ойлаймын. Себебі одан бері 53-54 жыл уақыт өтті. Көп адам о дүниелік болып кетті. Бірақ олардың балалары, ұрпақтары бар. Сөйлескен кезде сол жақта жылқы баққан адамдар болған. Сол кездері жұрт әскери адамдардың радиациялық сәуле өтіп кеткен заттарды алған ғой. Темір үстелді де алып келген. "Ермолаевтың үстелі еді" дейтін. Ол қазір бір үйде тұр. Суреті де бар. Бұл ақпараттың бәрін сол кезде жұмыс істеген, сол кезде әскери қызметкер болған адамдардың маған тауып берген материалдары ғой. "Жәке, мен айтты деме, саған беріп отырмын" деп тапсырған. Бірақ бәрі әлі күнге дейін құпия болып келе жатыр" дейді Жәнібек Қожық.

ҚАРАҚИЯДАҒЫ РЕСЕЙ ӘСКЕРИ ПОЛИГОНЫ

Қазақстанның жері Ресейдің әскери полигонына айналғаны рас. Соның бірі Маңғыстау облысында орналасқан. 2008 жылы біздің үкімет пенен Ресейдің қорғаныс саласы келісім-шартқа отырды. Сонда Маңғыстау облысының тағы сол Қарақия аудананының Төлеп елді мекенінен 30 шақырым аумаққа Ресей әскери адамдары келді. Сол жерден сынақ алаңын жергілікті мәслихатпен бірігіп, Ресейге жалдауға бердік. Сол үшін азғантай бірдеңе төлеп тұрды. Бірақ ол халыққа түкке тұрмайтын нәрсе.

Жергілікті белсенділер қарсы шықтық. Бірақ біздің сөзімізді ешкім елеген жоқ. Мән берген де жоқ. Ол кезде мынадай әлеуметтік желі де жоқ. Санаулы газеттер шығады, халыққа жете бермейді.

Маңғыстаудың қуаң даласы. Қарақия ауданы, 17 шілде 2021 жыл.
Маңғыстаудың қуаң даласы. Қарақия ауданы, 17 шілде 2021 жыл.

Былай айтқанда, Ресейдің Орынбор облысында үлкен сынақ ракета ұшатын жері бар. Сол жерден РС-20 дейтін баллистикалық ракета ұшып алады. Бұл баллистикалық ракета 11 мың шақырымға ұшады. 2013 жылға дейін мен ол ракета сынақтарын қадағалап жазып отырдым. Ол кезде аумақта "Не хабар?" деген басылым болды. Сондай сынақтардың бірінде гептилі бар аталған баллистикалық ракета Төлептің үстіне келгенде жарылады.

Ресейдің РС-20А құрлықаралық баллистикалық ракетасы. Көрнекі сурет.
Ресейдің РС-20А құрлықаралық баллистикалық ракетасы. Көрнекі сурет.

Ол ракета бірнеше оқтұмсығы бар, ол әрі қарай кетеді. Гептил 100 пайыз ауада жанып кетпейді. Көпшілігі ауаға желменен тарайды, шөптерге сіңеді, жерасты суына барады. Оны мал жейді, басқалар жейді. Сонда аспанда жарылғанда үлкен ауада толқын болады. Аптап соғады. Сол кездері бір жылда екі-үш рет сынаған кездері де болды.

МҰНАЙ-ГАЗ КЕНІШТЕРІНДЕ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ САҚТАЛЫП ЖАТЫР МА?

“Біздің мұнайдың 80-85 пайызы су болып шығады. 10-15 пайызы мұнай. Сол мұнайды алып, суды жерастына қайта айдайды. Бірақ 100 пайыз айдалып жатқан жоқ. Жер кеуіп, қуыс болып жатыр. Жердің астында үлкен қуыстар бар. Ал Маңғыстауда бірнеше рет жер сілкінісі, жерасты дүмпуі болды. Жер дірілдейді. Егер ол сәл қуаттырақ болатын болса, кеншілер отырған жер ойылып түсіп кетуі мүмкін. Себебі астында кеңістік бар. Ал оның үстінде қаншама мұнайшы бар, қаншама адам жұмыс істеп жатыр. Бұл да үлкен қатер. Мұны да зерттеп, зерделеп жатқан үкімет жоқ деп айтуға болады.

Екіншісі газ. Күні кешеге дейін газ жанып тұрды. Қазір Қаратұран дейтін "Қаражамбастың" қасында мекеме бар. Оның жанып тұрғанына үш төрт ай болды. Әлі тоқтатқан жоқ. Спутниктен қарағанда экологиялық апат осы жерде екендігін шетелдіктердің өздері ескерткен. Бірақ оларға шара қолдану айыппұлдан басқа аса алмайды. Оларды тартып алатын заң жоқ. 60 жыл мұнай төгілген жер. Жерге мұнай әбден сіңіп кеткен. Ол жерге шөп түгілі шеңгел де шықпайды. Онда құрт-құмырсқа да жүрмейді. Себебі жерлер әбден тозған. Оның үстінде қаншама өндірістік техникалар жүр. Астындағы мұнайын сорып жатыр. Талқандап жатыр.

Мұнайды игеріп жатқандардың көбі қазақстандық емес қой. Көбі қытайлар. Ертең мұнай біткен уақытта келісім-шартын үзіп, қалтасын толтырып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып елдеріне кетеді. Жер алапатты жағдайда өзімізде қалатын болады. Жердің иесі болатын болса, қасиетті жердің киесі де бар. Қазірдің өзінде Маңғыстауда шөп жоқ. Азынаған жел. Шаң борайды. Мәселен Жетібайдың маңы. Шаң борағанда республикалық трассаны жауып кетеді. Былай айтқанда есік пен төрдей жер көрінбейді. Шаң мен топыраққа көміліп тұрады. Жердің бәрі тілінген. Машина, шынжыр табан тракторлардың табанымен тапталған. Міне, осындай қиындықтар бар. Оның үстіне теңіздің үстінде мұнай өндіріп жатыр. Теңіздің да жағдайы қиын. Қаншама итбалықтар қырылып жатыр. Осының бәрін үкімет білуі керек. Шара қолдануы тиіс.

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан, Spotify-дан тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG