60 жастағы белсенді Марат Жыланбаев сот ісін жабық режимде өткізу туралы шешімге қарсылық ретінде "жеңіске жеткенше" аштық жариялады. Бұл туралы белсенді 2 қарашада өткен жабық сот отырысында хабарлады.
"Кеше [1 қарашада] мен аузымды тігіп тастадым, өйткені сотты жабық етті. Мен кінәм жоқ екенін жұрт көрсе деймін. Соттың ашық өткенін қалаймын. Кеше аштық жарияладым. Жеңіске жеткенше [аштықты тоқтатпаймын]" деді Марат Жыланбаев.
Видеоны бүгін, 3 қарашада "АктивистыНеЭкстремисты" тобы телеграмда жариялады. Видеода белсенді сот залындағы сотталушыларға арналған кабинада сөйлеп тұр.
Жыланбаев "егер өлетін болсам, оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі, бас прокуратура, сараптамаға қатысқан тергеуші мен саясаттанушылар кінәлі болады" деп айтты.
"АктивистыНеЭкстремисты" құқық қорғау тобының мәліметінше, Астанадағы тергеу түрмесінің әкімшілігі Жыланбаевтың аузынан тігісті алуға көндірген. 2 қарашада қылмыстық атқару жүйесі департаменті Азаттыққа берген түсініктемесінде "профилактикалық әңгімеден" соң Жыланбаевтың өзі тігісті алды деп хабарлады.
"Алға, Қазақстан" лидері, марафоншы Марат Жыланбаевтың сот ісі 30 қазанда басталды. Ол "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілініп, мамыр айында қамалған. Жыланбаевтың жақтастары билік белсендіні саяси себеппен қудалап отыр дейді. Сот белсендіні ҚДТ қозғалысына қатысы бар деп күдіктенеді. ҚДТ-ны Қазақстан экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ қозғалысын «бейбіт оппозициялық ұйым» дейді.
Марат Жыланбаев биыл кезектен тыс парламент сайлауына кандидат ретінде тіркелген. Билік "ерте үгіт-насихат жасады" деп айыптап, кандидаттар қатарынан алып тастады.
Жыланбаевтың ондаған жақтасы келген алдын ала сот тыңдауында судья есімдері белгісіз куәгерлердің өтінішімен белсендінің сот ісі жабық өтеді деп мәлімдеді. Сот Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараевтың судьяға қарсылығын қанағаттандырмады.
ПІКІРЛЕР