Accessibility links

Астанада сот "күдіктілерді азаптады" деп айыпталған ҰҚК-нің төрт қызметкерінің ісін қарай бастады


"ҰҚК қызметкерлері азаптады" деп шағымданғандардың жақындары сотта тұр. Астана, 3 қараша 2023 жыл.
"ҰҚК қызметкерлері азаптады" деп шағымданғандардың жақындары сотта тұр. Астана, 3 қараша 2023 жыл.

Астананың әскери сотында 3 қарашада ҰҚК төрт қызметкері – подполковник Еркін Аманов, майор Хамит Әбуғали, Жетісу облысындағы Алакөл шекара басқармасының офицері Қайрат Сартаев пен Астана бойынша шекара басқармасы тобының маманы Қуандық Мұхтархановтың ісі қарала бастады. Оларға "Бірнеше мәрте азаптау" бабы бойынша айып тағылған.

Бұл істе 2021 жылы көктемде "алтынмен айналысатын аса қауіпті трансұлттық қылмыстық топ" мүшелері деген күдікпен тұтқындалған 13 адам жәбірленуші деп танылған. Олар ҰҚК қызметкерлері тергеуі кезінде азаптады деп арызданған.

ҰҚК "ұйымдасқан қауіпті топ мүшелері" деген күдікпен ондаған адамды бір сәтте Астана, Алматы, Павлодар мен Семей қалаларында ұсталған. Олар "адам ұрлады", "бопсалады", "адам өлтірмек болды", "алтын ұрлады" деген күдікке іліккен. Тергеуде азапталғаны туралы арыз 28 адамнан түскен. Тергеу орындары 13 адамның азапталғаны дәлелденді деген қорытындыға келген. "Ұйымдасқан қауіпті топ мүшелері" деген күдікке ілінгендердің ісі Өскеменде қаралып жатыр. "ҰҚК қызметкерлері азаптады" деп шағымданғандар Өскемендегі істе күдіктілер қатарында.

Астанадағы әскери сотқа ҰҚК қызметкерлерінен азап көргендерін айтқандарды әкелмеді. Олардың туыстары да, адвокаттары да да жәбірленушілерді Астанаға этаппен әкелуді сұрағанымен, істі қарап жатқан судья Ерлан Ибраимов оны қанағаттандырмады.

- Мен Өскемен сотының ісіне араласа алмаймын, - деді судья Ибраимов.

Бүгін, 3 қарашада өткен сот процесі кешігіп басталды. Судья Ибраимовтың айтуынша, оған техникалық кедергілер себеп болған. Бұл сот бұған дейін де интернет нашарлығынан бірнеше мәрте кейін шегерілген.

- Бізді бүгін Өскемен қалалық сотының залына әкелді. Бірақ бұл жердегі интернет нашарлығынан сіздерді естімей тұрмыз. Біз қалай қорғанамыз? Адвокаттарымызбен қалай кеңесеміз? Қасымызда қарауыл, "Бүркіт" антитеррорлық арнайы жасағы күзетіп тұр. Олардың арасынан бізді азаптағандарды танып тұрмыз, - деп айқайлады Zoom арқылы қосылған шағымданушылардың бірі.

Бұл сотқа қатысып отырған жәбірленушілердің туыстары да "этап" деп айқайлады. Судья Ибраимов қатысушылардың бірін тәртіп сақтамады деп залдан шығарып, процессті жалғастырды.

Әскери прокурор Кемел Шаяхметов ҰҚК қызметкерлерінің сотталушыларды қалай азаптағаны туралы айыптау актісін оқығанда "Аманов, Әбдуғали, Сартаев пен Мұхтарханов әдейі физикалық және психикалық залал тигізе отырып күдіктілер Өмірбаев, Кәкімов, Әбеуов, Жұмабаев, Қабдрахманов, Тұрсынов, Тілеубаев, Ағбат, Оспанов, Тезекбаев, Жаманбалин, Байқұмбаев, Мусаиновтан Суздаль зауытынан алтын ұрлағаны туралы 33 мойындау актісін алған" деді.

Әскери прокурордың мәлімдеуінше, ұрып-соғып мойындату арқылы ҰҚК қызметкерлері отталушылардан жеке адвокаттан бас тартуды да талап еткен.

ҰҚК қызметкерінің үшеуі айбын мойындайтындарын айтты. Подполковник Ерік Аманов өзін айыптау актісінде "жетекші және ұйымдастырушы" деп көрстеткеніне қарсы болып, айыптау актісімен толық келіспейтінін айтты.

ҰҚК қызметкерлерінің адвокаттары сотта процессуалдық келісім жасағылары келетінін, оны сот тергеуі барысында ұсынатындарын айтты.

Сот жәбірленушілерді жауаптаумен жалғасты.

Сотқа жәбірленушілердің Семейден, Өскеменнен келген селуден астам туысқандары қатысып жатыр. Сотта олар қолдарына "Жәбірленушілердің сотқа қатыстырылуын талап етеміз!", "Тоқаев режимінде азаптауға жол жоқ!", "Соттағы коррупцияға жол жоқ!", "Біз туыстарымыздың өмірі үшін алаңдаймыз" деген орыс тілінде жазылған плакаттар мен ҰҚК департаменті басшыларының суреттерін көтеріп отырды. Олар Өскеменде қамауда отырған 28 адамды ұрлықты мойындату үшін азаптаған деп санайды.

-Міне, қазір балаларымызды көре алмай отырмыз. Оларды азаптаған офицерлерді соттап жатыр. Бірақ оларды адам құсап залға әкеліп, қолдарынан кісенді алып, өздерін қорғауға мүмкіндік беріп отыр. Ал біздің балаларымызда ондай мүмкіндіктері жоқ, қолдарына кісенді де алмаған, - деді жәбірленуші Низами Жамаубаевтың анасы Баян Жұмабаева.

Адвокаттар "азаптау туралы қылмыстық іс қозғалғанда Өскеменде өтіп жатқан "алтын ұрлығы" туралы іс бірден тоқтатылып, іс қайта тергеуге жіберілуі тиіс, бірақ оны судья назарға алмады" дейді.

Қазақстанда сотталғандарды, күдіктілерді қамау орындарында, тергеуде азаптау фактілері жиі болады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған адамдардың сегізі азаптаудан қаза тауып, бірнеше адам мүгедек болып қалған.

Кейінгі бірнеше жылда қазақстандық шенеуніктер азаптаудың жолын кесу үшін елдегі қамау мекемелеріне жаппай видеобақылау камералары орнатылады деп мәлімдеген. Жергілікті БАҚ бұл мақсатқа 3,7 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отырғанын хабарлаған. Бірақ елде қамаудағы азаптау азаймай тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG