Accessibility links

Ақпарат құралдары Болат Назарбаев ауыр халде ауруханаға түскенін хабарлады


Арбада отырған Болат Назарбаев пен қызы Гүлмира. YouTube-тағы видеодан скриншот
Арбада отырған Болат Назарбаев пен қызы Гүлмира. YouTube-тағы видеодан скриншот

Қазақстандық бірқатар ақпарат құралдары экс-президенттің інісі Болат Назарбаев ауыр халде ауруханаға түскенін жазды. Алматы қалалық клиникасы кейін ақпаратты растады, бірақ жағдайы туралы ақпарат бермеді.

365info сайтының жазуынша, Болат Назарбаев 3 қарашада кешке миокард инфаркті күдігімен Алматы клиникалық ауруханасына жатқызылған.

Қазіргі кезде жағдайы ауыр, бүйрек жетіспеушілігі белгілері де байқалады деп жазды сайт.

ҚазТАГ агенттігінің дереккөзі де Болат Назарбаевтың ауыр халде инфаркпен ауруханаға түскенін растаған. ҚазТАГ дереккөзінің айтуынша, аталған жағдайға байланысты Болат Назарбаевтың айналасындағы адамдардың сенбі күні жоспарлаған шаралары өтпей қалған.

Orda.kz сайты тілшісін Алматы клиникалық ауруханасының аумағына кіргізбегенін хабарлады. Сайттың жазуынша, тілші аурухана ауласынан бронды джипті көрген.

Сенбі күні Азаттық тілшісі Болат Назарбаев 2016 жылы негізін қалаған "Салиқалы ұрпақ" қорына хабарласқанмен жауап алмады.

4 қарашада кешке Болат Назарбаевтың ауруханаға түскенін Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасы растады. Алайда мекеме “медициналық құпияны” алға тартып, науқастың жағдайы мен диагнозын айтудан бас тартты.

Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент пен оның туыстарының ықпалы әлсіреген соң, қоғамда Назарбаевтың туыстары, олардың байлығы туралы сұрақ көбейген. Бірқатар кәсіпкерлер Болат Назарбаевтан қысым көріп, рейдерлік шабуылға ұшырағанын мәлімдей бастаған. Онымен байланысты компанияларға қатысты соттар өткені жөнінде ақпарат жиілеген.

Былтыр жазда билікке жақын ақпарат құралдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың "ұзақ жылдан бері науқас екенін" айтып, арбаға таңылған видеосын жариялаған. Сол кезде сарапшылардың кейбірі "науқас Болатты көрсету арқылы туыстары қоғамның аянышын туғызғысы келеді, өйткені оның үстінен іс қозғалуы мүмкін" деп болжаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG