Азаттық радиосы
"Жұмыс ауыр", "үйге айына 1,2 млн теңге жіберем". Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақтардың үміті

"Жұмыс ауыр", "үйге айына 1,2 млн теңге жіберем". Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақтардың үміті

Нұртай БЕРДӘЗІМ

7 қараша 2023

Оңтүстік Корея кейінгі жылдары қазақстандықтардың заңсыз кіріп алып, нәпақа табатын елдердің алдыңғы қатарында тұр. Ресми Сеулдің мәліметінше, мұнда 9 мыңға жуық қазақстандық заңсыз жүр. Бірақ Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтардың саны одан да көп дейтіндер бар. Еңбек мигранттары Қазақстан Оңтүстік Кореяның жұмыспен қамту жүйесіне (Employment Permit System - ESP) қосылса, заңды жұмыс істеуге болар еді дейді. Азаттық Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандық мигранттармен сөйлесіп, биліктің Сеулмен ESP жүйесіне кіру жұмысы қалай жүріп жатқанын білді.

"КОРЕЯДА КҮНІНЕ 50 МЫҢ ТЕҢГЕ ТАБУҒА БОЛАДЫ"

Бақтыбай Қожахметов

35 жастағы Бақтыбай Қожахметов Кореяға Алматы облысы Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ ауылынан барған. Ол Кореяда жұмыс ауыр болса да, ай сайын Қазақстанға тамақ, пәтерақы, демалысты есептемегенде 1,2 млн теңге жіберетінін айтады.

- Ауылдың баласы болғаннан кейін ауыл шаруашылығымен айналысқым келіп, Қазақстанда сол салада жұмыс істедім. Бірақ Қазақстанда жалқаулау болдым. Содан таныстарымнан Кореяда "ақша тауып жатырмыз" дегенді естіп, мен де ініммен бірге 2018 жылы мамырда келдім. Жарты ай өткенде інімді Кореяның көші-қон полициясы ұстап алып, елге депортациялап жіберді. Алғашында құрылыста істедім, жылыжайда қарбыз тасыдым. Қазір күнде әртүрлі, өте ауыр жұмыс істеймін. Жақында суды бөгеу үшін таудың басына қап-қап цемент тасыдым. Үш сағат жұмысқа 200 мың вон (шамамен 148 доллар – Ред.) берді. Бұл жақта күніне 50-150 мың теңге табуға болады. Ондай жұмыстар ауыр болады не маман болуың керек. Қайда барсам да қазақтарды кездестірем. Олардың бәрі ақша жетпеген соң келеді. Үй, көлік алғысы келеді, бизнес ашқысы келетіндер де бар. "Мынау ұнайды, мынау ұнамайды" деген ойды ұмытып, кез келген жұмысты істей бердім. Үйді, жерді сағынасың, әрине. Қазақстанға қашан қайтатынымды білмеймін, себебі Кореядан шықсаң, қайта кіре алмайтыныңды білесің. Амал жоқ. Солай үйге ақша жіберіп, үй, көлік алдым. Ініме де көмектесіп жатырмын. Ақша да керек, бірақ елге түбі қайтамын ғой.

"КОРЕЯҒА КЕЛГЕНДЕР АРАСЫНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР ДЕ БАР"

Әлімжан Болатов

Алматылық 23 жастағы Әлімжан Болатов елде жаттықтырушы болып жүріп, тапқаны жетпеген соң Кореяға келуге мәжбүр болған. Оның сөзінше, қазір Кореяда жүргендердің көбі – жастар.

- Өмір бойы спортпен айналыстым, спорт колледжінде оқыдым. Елден кетпей тұрып бірнеше ай таэквондодан жаттықтырушы болып жұмыс істедім. Ол жерде 150-200 мың теңге айлық алдым. "Қазақстанда көп жалақы ала алмаймын, шетелде мүмкіндік көп" деген оймен Кореяға барамын деп шештім. Халықаралық жарыстарға қатысып жүргенде Кореяға екі рет келген едім, соның арқасында Кореяға келерде ешқандай мәселе тумады. Қазақстанда бір айда тапқан ақшамды мына жақта бір күнде табамын. Басында зауытта, құрылыста, поштада істеп, қарбыз жинадым. Қазір күн батареясын орнататын компанияда жұмыс істеймін.

Күннен күнге Кореяға келіп жатқан қазақстандықтар көбейіп жатыр. Барлығы күн көріп, отбасын асырау үшін келеді. Келіп жатқандардың көбі – жастар. Арасында 14-17 жастағы жасөспірімдер де бар.

"ӘЙЕЛДІҢ Я ЕРКЕКТІҢ ЖҰМЫСЫ ДЕП БӨЛМЕЙ ІСТЕЙ БЕРЕМІН"

Ләззат Құрбанәліқызы

52 жастағы инженер-технолог Ләззат Құрбанәліқызы Тараздағы университеттегі оқытушылық қызметін тастап, Кореяға табыс табуға келген. Ол Қазақстанда айлық күнделікті қажетінен артылмаған соң Кореяға кетуге мәжбүр болғанын айтты. Ләззаттың шетелге кетуіне баласы қарсы болды, бірақ амал қалмаған.

- Қымбатшылық бүкіл халыққа әсер етіп жатыр. Кореяға пандемия болардан бір ай бұрын келдім. Кейін шекара жабылып, осында қалып қойдым. Басында бір ай жұмыс таба алмай, қиналдым. Көмектесеміз деген адамдар алдап кетті. Осындай оқиғаларды жиі естеймін. Қазақстандықтар туристік мақсатта бір ай визасыз бола алады, уақыты асып кеткен соң кейбір адамдарды бопсалап жатады.

Қазір құрылыста істеймін. Жұмысым қиын. Бұл жақта "мынау әйелдің я еркектің жұмысы" деп бөлмейді. Бірдей жұмыс істесе де ер адамдарға көбірек төлейді. Ерлерге жұмыс табу да оңай, өйткені ауыр жұмыс көп. Сондықтан мұнда қазақстандық әйелдерге қиын болуы мүмкін.

Басқа көршілес елдерге қарағанда әлеуметтік және медициналық жағынан қорғаусыз қалған – қазақстандықтар ғана. Ауыр жұмыс болған соң ауырып қалатын не ауа райының қолайсыздығынан жұмысқа шықпай қалатын күндер болады. Осындай факторлар адамның табысын жеп қояды. Заңсыз жүрген соң медициналық сақтандыру да жоқ. Жарақат алсам, емделу өте қымбат. Кейбіреуі көп шығын болады және ұзақ уақыт кетеді деп емделмей жүре береді. Кейін жағдайы одан сайын ушығып жатады. Қазақстандықтар тек G1 визасын (уақытша босқын мәртебесі бар адамдарға беріледі) немесе босқын мәртебесін ала алады. Ал қазақстандықтар ондайды алғысы келмей заңсыз жүре береді.

Қазақстандықтар әлеуметтік желіде Корея жайлы түрлі видеоларды көріп, оңай ақша табамын деп келіп жатады. Осы жерге келген соң алаяқтарға алданып қалуы мүмкін. Тұрақты жұмыс табылмауы мүмкін. Осының бәрін есепке алмайтындар да бар.

"ҚАЗАҚСТАНДА БІР АЙДА ТАПҚАН АҚШАНЫ МҰНДА ТӨРТ КҮНДЕ ТАБАМ"

Абзал Сматулла

27 жастағы Абзал Сматулла Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде IT-мамандығын тәмамдаған, бірақ бұл мамандық бойынша жақсы жалақысы бар жұмыс таба алмаған. Бір жылдай даяшы болып жұмыс істеп жүріп, кейін Кореяға кетіп қалған.

- Қазақстанда министрліктердің бірінде жұмыс істеймін деп, емтихандарға да дайындалып жүрдім. Ал Кореяда құрылыста және зауытта істеп жүрген достарым маған осы жақта айлық табыс миллион теңге деп айтатын. Кейін он күн ішінде құжаттарымды жинап, досыммен бірге Кореяға келдім. Бес күн қыдырған соң жұмыс істеп кеттік. Басында төрт ай дәнекерлеушінің көмекшісі болып жұмыс істедім. Әкем дәнекерлеуші болған соң аса ауыр болған жоқ. Корей тілін үйрену де қиынға соқпады. Қазір мұнда бағбан болып жұмыс істеп жүргеніме төрт жылдан асты. Қазақстанда бір айда тапқан ақшаны Кореяда төрт күнде таба аламын.

Заңсыз жүрсем де ешқандай қиындық көрмедім. Жанымдағы адамдар көмектеседі. Тіл жақсы білген соң кейде ауырып қалған достарыма да аудармашы боламын.

Пандемия бітіп, шекара ашылғалы Кореяда қазақтардың қатары көбейіп жатыр. Келген қазақстандықтардың басты мақсаты – ақша табу. Қазақстанда қара жұмыс немесе басқасын істесе де, Кореядағыдай ақша таппайды. Қазақстанда білім және медицина саласында жұмыс істеген кәсіби мамандар да мұнда ақшаның тапшылығына байланысты келеді. Қазақстанға қайтқан таныстарым "елде баға күрт өскен, бірақ айлық сол қалпы" дейді. Кореяда да көп нәрсе қымбаттап жатыр, бірақ айлық та көтеріледі. Елге үш жылда қайтсам деп отырмын.

"КЕЙБІРІ ӘКЕ-ШЕШЕСІ ҚАЙТЫС БОЛҒАНДА ДА БАРА АЛМАДЫ"

2019 жылдан бері Кореядағы қазақстандықтарға көмектесіп жүрген Санат Жүсіпбек Қазақстан Оңтүстік Кореяның "Еңбекке рұқсат беру жүйесіне" (ESP) қосылмағандықтан қазақстандықтар түрлі қиындыққа тап болатынын айтады. Санаттың сөзінше, екі ел арасында ұзақ уақыт талқыланған мәселеден әлі нақты нәтиже болмай отыр.

Кореяның "Еңбекке рұқсат беру жүйесінің" (ESP) артықшылығы неде?

Қазақстан бұл жүйеге енсе, Кореяға баратын қазақстандықтар арнайы бөлінген оқу орнында дайындалады, корей тілінің бастапқы деңгейін үйреніп, медициналық тексерістен өтеді. Кейін азаматтар Кореяда жұмыс берушімен еңбек шартына отырады.

- Қазақстандықтар заңсыз жүргендіктен, қағаз жүзінде келісімшартқа отырмағандықтан түрлі алаяққа жолығады. Тіпті 5-6 ай бойы жалақысын ала алмай, алданып жүрген 45-50 жастағы 10-15 отандасымызды білемін. Кореядағы қазақстандықтардың көбі отбасында ауыр жағдай болып қалса да, басында несиесі болғандықтан не жағдайын жасап үлгермегендіктен Кореядан шыға алмайды. Кейбірі әке-шешесі қайтыс болғанда да қайта алмай қалды. Ал бәрі заңды болғанда мұның бәрі болмас еді, – деді Санат.

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ БҰЛ МӘСЕЛЕ БОЙЫНША НЕ ІСТЕП ЖАТЫР?

Қазақстан билігі Оңтүстік Кореяның ESP жүйесіне кіру үшін Сеулмен келіссөз жүргізіп келе жатқанына біраз болды. Бірақ екі тарап әлі келісімге келген жоқ.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтардың мәселесін көтеріп, премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған. Депутат Кореяда жүрген қазақстандықтардың саны ресми деректегі 9 мың адамнан көп деп есептейді.

- Кореяда жұмыс істеп жүрген таныстарым бар. Олар Кореядағы қазақстандықтардың чатында жиыны 20 мың адам бар дейді. Тараздан бір танысым Кореяда қолын зақымдап алыпты. Заңсыз жүрген соң ештеңе істей алмайды. Ал Корея тарапы жұмыс визасын істеуге дайын болған. Біздің тарап не үшін созып жүргенін білмеймін. Енді екі тараптың қарашада "Еңбекке рұқсат беру жүйесі" бойынша сегізінші кездесуі болады екен. Сол кезде нақты шешілуі керек. Шешілсе 3-4 мың шамасында квота беріледі, бірақ қалған заңсыз жүргендерге не болары белгісіз, – дейді Аралбайұлы Азаттыққа.

Қазақстан еңбек министрлігі екі тарап ESP жүйесі бойынша жеті рет кездескенін мәлімдеді. Министрлік "Корея Қазақстанның ұсынысын оң қабылдағанын және келіссөздер процесін бастауға дайын екенін білдірді" деп отыр.

"Тамызда Корея Еңбек министрлігіне EPS жүйесі шеңберінде тараптардың өзара іс-қимылы бойынша сауалнама жіберілді. Қазіргі уақытта сауалнама корей тарапының қарауында" деп жазды Қазақстан еңбек министрлігі.

Биыл 21 қыркүйекте Қазақстан үкіметінің мүшелері Кореяның Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ-Икпен кездесіп, EPS жүйесімен Корея делегациясының Қазақстанға келуі бойынша бірқатар мәселе қосымша талқыланған.

Еңбек министрлігі Қазақстан Кореяның EPS жүйесіне енсе, алдымен қазір Кореяда заңсыз жүргендерді заңдастыру бойынша жұмыс жүргізілетінін айтады.

Ал Кореяда жүрген 23 жастағы Әлімжан Болатовқа Қазақстанға қайтып кеткен таныстары "әзірге қайтпай-ақ қой, жүре бер" деп айтыпты. Ол "елге қашан қайтатыным белгісіз, мүмкін, болашақта Қазақстанда түрлі іспен айналысып, көп ақша табатыныма сенемін" дейді.