Accessibility links

Петропавлдың "тәуелсіздігін" жариялаған "халық кеңесі" мүшелерінің соты басталды


Петропавл қалалық соты.
Петропавл қалалық соты.

Петропавл қаласының соты өздерін "халық кеңесі" деп жариялаған топтың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай бастады.

Сотқа тартылып жатқан төрт адам – 40 жастағы Елена Б., 52 жастағы Мадина К., 37 жастағы Ольга Б. және 48 жастағы автослесарь Вячеслав Зудерман. ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, Зудерман ғана БАҚ бетінде толық аты-жөнін көрсетуге келіскен.

Төрт адам "билікті басып алуға жария түрде шақырды", "сепаратистік әрекет" деген айып тағылған. Зудерман "қару-жарақты заңсыз иемдену" бабымен де айыпталған. Кейбір басылымдар оның үйінен тапанша табылғанын жазған. Бірақ бұған қатысты ресми хабарлама болмады.

Айыпталушылар сотта өздеріне тағылған айыпты мойындамаған. Ulysmedia.kz сайтының жазуынша, изолятор басшылығы ұлымен хат алмасуға тыйым салды деп аштық жариялаған.

Қылмыстық іске биыл 19 наурызда СҚО-дағы колледждегі жиын себеп болған. Айыптау актісінде СҚО-ның жиырмаға жуық тұрғыны "өздерін СССР-дың мұрагері деп жариялап", "Петропавл еңбекшілерінің халықтық кеңесін" құруды жариялағаны жазылған.

Айыптау тарабының мәліметінше, өздерін "еркін халық" деп атаған топ Қазақстанды "корпорация" деп, "қазіргі басқару жүйесіне күмән келтірген" әрі "өз тәуелсіздіктерін жариялаған".

Жиынның видеосы желіде тарап кетіп, қоғамда қызу талқыланған. Әр қалада тұрғындар жиын өткізгендерді "сепаратизм" үшін жауапқа тартуды талап еткен. Мәжіліс депутаттары да бас прокуратураға тексеруді сұраған.

Сараптама "халық кеңесі" қатысушыларының әрекетінен "сепаратизм белгілері анықталды" деген. Жиын өткізгендер Қазақстан айыптарды жоққа шығарған. Наурыз соңында ҰҚК СҚО-дағы департаменті сепаратизм ісі бойынша тергеу бастап, сәуірде үш адамды қамауға алған. Бұл іс бойынша тергеу алты айдай болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG