Accessibility links

Астана соты белсенді Санавар Закированы 15 тәулікке қамады


Санавар Закирова, Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.
Санавар Закирова, Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.

Астана қаласының әкімшілік соты белсенді Санавар Закированы 15 тәулікке қамады. Бұл жөнінде белсендінің өзі 8 қарашада кешке қарай Азаттыққа хабарлап айтты. Ол өзінің әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орнында тұрғанын айтты.

Белсендінің сөзінше, оны 25 қазан қарсаңында “митингіге шақырды” (488-бап, 12-бөлігі) деп айыптаған.

– 17 қазанда Астана тұрғыны Facebook-та митингіге шақыратын жазба жариялап, менен бөлек тағы 92 адамды тегтеген. Енді сол үшін мені соттап жатыр. “Жазбаны мен жазған жоқпын, басқа адам жазды” десем, судья “жазба сіздің парақшаңызда тұр” дейді”. Егер сізді біреу тегтесе, оның жазбасы сіздің парақшаңызда пайда болады десем де сөзіме құлақ асқан жоқ, – деді Санавар Закирова.

Оның сөзінше жазба авторы Махаббат Құсайынова сотта жазба авторы өзі екенін айтып, сөйлегісі келген, алайда сот оған мүмкіндік бермеген.

Санавар Закирова шешімді апелляцияға беретінін айтты.

Санавар Закированың сөзінше, бүгін яғни, 8 қарашада бас прокуратурада президент әкімшілігі, ҰҚК, бас прокуратура, жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері қатысатын жиын өтіп, онда белсенділер құқық қорғау саласы мен сот жүйесін реформалау бойынша ұсыныстарын жеткізуі тиіс болған. Алайда Закирова таңертең үйінен шыққан кезде оны ұстап әкеткен.

8 қарашада күндіз Азаттық тілшісі Астана полициясына хабарласқан кезде баспасөз қызметінің өкілі бар ақпаратты осы қызметтің жетекшісі Гүлмира Тілеуғалиевадан сұрау керектігін айтқан. Ал баспасөз қызметінің жетекшісі телефонын сол күйі көтермеген.

Азаттық бас прокуратура өкілдерінен жауап ала алмады.

Екі күн бұрын "Біздің құқық" тіркелмеген саяси партиясының жетекшісі Санавар Закирова және бірнеше азаматтық белсенді президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арыз тапсырып, үш мәселені қарауды талап еткен. Олар Қазақстанда АЭС-ті "Росатомның" салуына қарсылық білдірген. Бұған қоса, "АрселорМиттал Теміртау" шахтасындағы ірі апаттан қаза болғандардың отбасы мен зардап шеккендерге тиісті өтемақы беруді және киіктерді атуды тоқтатуды талап еткен.

Бұған дейін Қазақстан билігі егер елде АЭС салынса, бірнеше мемлекеттің технологиясы қолданылуы мүмкін екенін, арасында "Росатом" да барын айтқан. Белсенділер Ресейге экономикалық жағынан тәуелді Қазақстан түптің-түбінде АЭС-ті Ресейге салғызады деген қауіп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG