Accessibility links

Маңғыстауда белсенділер мен мұнайшылар тәуелсіз кәсіподақ лидері Әмин Елеусіновті босатуды талап етті


Кәсіподақ лидері Әмин Елеусіновты босатуды талап етіп, үндеулерін оқып тұрған мұнайшылар.
Кәсіподақ лидері Әмин Елеусіновты босатуды талап етіп, үндеулерін оқып тұрған мұнайшылар.

Маңғыстауда белсенділер мен мұнайшылар тәуелсіз кәсіподақ лидері Әмин Елеусіновті босатуды талап етті. Әмин Елеусінов 7 қарашада заңсыз митинг ұйымдастырмақ болды деп ұсталып, 15 тәулікке қамалған. Оған "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша айып тағылған.

Жаңаөзен белсенділері Елеусінов жазықсыз қамалды деп санайды.

"Отын-энергетика салалық кешендік кәсіподақ кеңесшісі Әмин ағамыз халықтың мұң- мұқтажын жергілікті билікке жеткізгені үшін 15 тәулікке қамалған болатын. Бұл жасалған әрекет Конституцияның 32-бабына қайшы. Осыған байланысты өз наразылығымызды білдіріп, үндеу жолдап отырмыз. Тез арада заңсыз әрекет тоқтатылып, Әмин ағамыз босатылып, әділдік орнатуды талап етеміз. Елеусіновті босатпаса, заңда көрсетілген барлық мүмкіндікті пайдаланып, әрекет етеміз" деді үндеуді оқыған жаңаөзендіктердің бірі.

Жаңаөзен белсендісі Мұратбай Жұмағалиев жуық арада талаптарды билікке жазбаша жолдайтынын айтты. Әзірге билік өкілдері реакция білдірмеген.

Жетібай кентіндегі жергілікті кәсіподақ мүшелері, Форт-Шевченко қаласындағы Түпқараған жергілікті кәсіподақ мүшелері де осыған ұқсас мәлімдеме таратты.

Ақпаратқа қарағанда, 7 қарашада Ақтау әкімдігіне жұмыссыздық мәселесіне байланысты тұрғындар бармақ болған. Ол жаққа Әмин Елеусінов те баруға тиіс болған, алайда оны полиция алып кеткен деп айтылады. Кейін соты өтіп, 15 күнге қамалды.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 7 қарашада 15 шақты адам Ақтаудағы 12-ықшамаудандағы алаңға жиналған. Олардың кейбірі полиция жеткізіліп, олармен "профилактикалық әңгіме" жүргізілген.

2022 жылдың қаңтар айының басында Жаңаөзен мен Ақтауда сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына қарсы өткен бейбіт наразылық кезінде 62 жастағы Әмин Елеусінов наразылықтың бейресми жетекшісі ретінде көзге түскен. Куәгерлердің айтуынша, 6 қаңтарда депутаттар Еділ Жаңбыршин және Самат Мұсабаевпен кездесуден қайтып келе жатқанда белгісіз біреулер оны көлікке күштеп отырғызып, басына дорба кигізіп алып кеткен. Бір күннен кейін ғана босатылған. Кейін мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елге қатер төнгенін айтып, бейбіт митингіге қатысушыларды тарауға шақырды.

Әмин Елеусінов Қазақстанда сот шешімдерімен жабылған тәуелсіз кәсіподақ ұйымы жетекшілерінің бірі ретінде танымал. 2017 жылдың басында Ақтаудағы Oil Construction Company кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас пен Жетібай газ-мұнай кен орындарында мұнайшылардың ереуілі өтіп, мұнайшылар тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жоюды доғаруды талап еткен.

Ақтау соты жүздеген адам қатысқан шараны заңсыз акция деп атап, оны тоқтатуды бұйырды. Наразылық акциясынан кейін 63 мұнайшы әкімшілік және азаматтық жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды, 4 миллион теңге көлемінде шығынды өтеуге міндеттелді.

Наразылық қызған шақта Oil Construction Company мұнайшылар кәсіподақ ұйымының сол кездегі жетекшісі Әмин Елеусінов пен кәсіподақ ұйымының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев ұсталған. Кейінірек Астана соты түрмеге кесті. Бақылаушылар істің саяси астары барын айтқан. 2018 жылы екеуі де шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG