Accessibility links

HRW Қазақстан билігін қамаудағы белсенді Марат Жыланбаевты босатуға үндеді


Марат Жыланбаев сот залында.
Марат Жыланбаев сот залында.

Қазақстан билігінің "экстремистік ұйымға мүше болды" деп үкімет сыншысын қудалауы оның пікір айту, бірігу және жиналу құқығын бұзады. Қазақстан билігі Марат Жыланбаевты дереу босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға тиіс. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының қамаудағы белсенді Марат Жыланбаев ісіне қатысты мәлімдемесінде осылай деп жазылған.

Астананың тергеу абақтысында отырған 60 жастағы Марат Жыланбаевқа "экстремизмді қаржыландыру" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабы бойынша айыптар тағылған. Жуырда сот "белгісіз екі куәгердің өтінішімен" оның сотын жабық етіп тастаған. Халықаралық ұйым 9 қараша күнгі мәлімдемесінде соттың жабық өтуін де сынаған.

"Жылынбаев бейбіт оппозициялық ұйымның ісіне араласқаны үшін сотқа тартылмауы керек, соты жабық өтпеуге тиіс. Жыланбаевтың бар "кінәсі" – Қазақстанның авторитар үкіметіне саяси баламаны көптің көзінше бейбіт қолдауы. Ол босатылуы тиіс" деді халықаралық Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мира Ритман.

Халықаралық ұйым Марат Жыланбаев жетекшілік ететін "Алға, Қазақстан" ұйымы әділет министрлігіне 16 реттен аса тіркеуге өтініш тапсырып, тіркете алмағанын да атап көрсеткен. Жыланбаевтың билікті сынаған әрекеті үшін талай рет әкімшілік жазаға тартылып, соңғы рет көктемде қамалған кезде үстінен "экстремизмді қаржыландыру" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" баптары бойынша іс қозғалып, тергеу абақтысына ауыстырылғанын еске салған.

Айыптау қорытындысына сүйенген ұйым тергеу органдары Жыланбаевтың рұқсат етілмеген акцияға қатысуын "қылмысына айғақ" ретінде көрсетіп, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрған қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязовтан "нұсқаулық алып отыр" деп айыптап отырғанын жазған.

"Қазақстан билігі сонымен бірге Жыланбаевтың ақпан айында "ҚДТ жақтастарына" – 500 мың теңге және 707 мың теңге ретінде жасаған ақша аударымдарын "экстремизмді қаржыландыруға" дәлел ретінде көрсеткен. Айыптау қорытындысында Жыланбаевтың экстремизмді қаржыландырып отырғанына басқа дәлел жоқ" деп тұжырымдайды.

Адвокаттың айтуынша, Жыланбаев бұл ақшаны 2023 жылы наурыздағы парламент сайлауы қарсаңында тәуелсіз кандидаттарды қолдау үшін жіберген және ол ақша кандидат ретінде тіркелу жарнасы ретінде пайдаланылған.

"Олардың ешқайсысы да ҚДТ мүшесі болған емес" деді адвокат Мейіржан Досқараев ұйымға.

Ұйым мәлімдемесінде Марат Жыланбаев ашық сотты талап етіп, аузын тігіп тастағанын, аштық жариялағанын да атап көрсеткен.

Жыланбаев ақпарат құралдарына "Өмірлік түрме жазасын берсе де, соңына дейін күресемін. Адамдар өздерінің құқықтарын біліп, сол үшін күрескенін қалаймын" деді.

"Авторитар үкімет Жыланбаевты сөз еркіндігі мен жиналу құқығын жүзеге асырғаны үшін ғана қудалап қоймай, оның әділ сотталу құқығын бұзып, қысымды үдетіп отыр. Ол дереу босатылуы керек және оған тағылған айыптар алынуы тиіс" деп жазылған мәлімдемеде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG