10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасында 30 күнге дейін визасыз режим күшіне енді. Осыған орай екі ел арасындағы әуе тасымалдау сұранысын қанағаттандыру үшін Қазақстан мен Қытай арасында рейстерді көбейту жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлады Қазақстанның азаматтық авиация комитеті жұма күнгі хабарламасында.
Комитеттің хабарлауынша, 2023-2024 жылы күз бен қыста Air Astana әуе компаниясы төмендегідей бағыттар бойынша рейстерін көбейтпек:
- Алматы – Пекин (аптасына 6-дан 7-ге дейін);
- Астана – Пекин (аптасына 1 рейстен 3-ке дейін);
- Алматы – Үрімжі (2-ден 7-ге дейін);
- Шанхай, Гуанчжоу және Чэнду қалаларына жаңа рейстер ашылмақ;
Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, бұдан бөлек Қытайдың жүк тасымалдайтын Air Logistics әуе компаниясы 2023 жылдың қарашасынан бастап Алматы – Сиань бағыты бойынша тұрақты түрде жүк рейстерін ұшыра бастайды.
Ресми мәлімет бойынша, қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай арасындағы жолаушыларды аптасына 27 рейс (11 рейс – қазақстандық, 16 рейс қытайлық әуе компаниясы) тасымалдап жатыр.
Екі жақ қол қойған келісімге сәйкес, 2023 жылдың 10 қарашасынан бастап Қытай және Қазақстан азаматтары көрші елде шекарадан өткен күннен бастап 30 күнге дейін визасыз бола алады. Жалпы 180 күн ішінде визасыз 90 күннен артық жүре алмайды. Қазақстан мен Қытай билігі арасындағы келісімге сәйкес, екі елдің әуе компаниялары аптасына 84 рейс орындай алады.
Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге биыл 26 шілдеде қол қойылған. Бұған дейін елде кейбір азаматтар Қытаймен визасыз режимге қарсылық танытып, кейбірі ұсталған. Кей белсенділер "жемқор жүйе тұрғанда көрші ел азаматтарының визасыз келуі - Қазақстан үшін қауіпті" деген.
ПІКІРЛЕР