Accessibility links

Шымкенттің экс-прокуроры бес жарым жылға сотталды


Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

13 қарашада Шымкентте сот қаланың бұрынғы прокуроры Мақсат Қожабаевты "қызмет бабын пайдаланып, бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде алдын ала сөз байласып жымқырды" деген айыппен бес жарым жылға түрме жазасына кесті. Қожабаев үкіммен келіспейді.

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қожабаевты Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабымен (190-баптың 4-бөлігі), онымен бірге айыпталған кәсіпкер Закир Гуломовты осы бапқа қоса "Пара беру" бабымен (367-баптың 4-бөлігі) кінәлі деп тапты. Гуломов бес жыл бір айға сотталды. Бұған қоса айыпталушылар өмір бойына құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сотталушылар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуі тиіс. Олардың ұсталған күннен бастап тергеу және сот тергеуі кезіндегі әр күні бір жарым күн деп есептелетін болды.

Қожабаев пен Гуломов Азаттыққа сот үкімімен келіспейтінін айтты.

Айыптау актісіне сай, 2021 жылы Қожабаев пара алды деп тергеліп жатқан Астана қаласы көлік бақылау инспекциясының бұрынғы басшысы Қанат Құдайбергеновтің туыстарына 120 мың доллар берсе оған қатысты істі жеңілдетіп, шартты жазамен босатуға уәде берген. Айыптау тарабы "Қожабаев бұл қылмысқа танысы Гуломов тартқан" дейді. Сот екеуінің айыбы толық дәлелденді деп санайды.

Үкім оқылған кезде де, одан кейін де сотталушылардың туыстары журналистердің фото, видео түсіруіне тыйым салды.

Үкімнен соң олардың кейбірі сот залынан жылап шықты. Кейбірінің денсаулығы нашарлап жедел жәрдем шақыруды сұрады. Мұның бәрін сырттай бақылап тұрған журналистерді туыстары сыртқа шығуды талап етіп айқайлады. Кейбірі сүйреп шығармақ болды. Осы кезде сот қызметкерлері араша түсіп журналистерді сыртқа шығарды.

Жарыссөзде прокурор соттан Қожабаевты 5 жылға, Гуломовты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG