Азаттық радиосы
Қазақстанда қай елдердің компаниялары АЭС салуы мүмкін?

Қазақстанда қай елдердің компаниялары АЭС салуы мүмкін? Үкіметтің қысқа тізімі

Руслан МЕДЕЛБЕК

15 қараша 2023

Қазақстанда референдумнан соң АЭС салынады деп шешілсе, бұл жауапты іс қай елдің компаниясына сеніп тапсырылуы мүмкін? Үкіметтің тізімінде қай елдің компаниялары бар?

Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өтетіні жарияланғанымен, науқанның уақыты әлі белгіленбеді. Бірақ қазір жұртты алаңдатып отырғаны – "АЭС салынса, оны қай елдің компаниясы салады?" деген сауал.

Қазақстан энергетика министрлігі АЭС салынатын жағдайда мына төрт елдің компанияларының ұсыныстары қаралатынын мәлімдеген:

Билік айтқан бұл қандай компаниялар? Олардың АЭС салу тәжірибесі қандай?

РОСАТОМ (РЕСЕЙ)

"Росатом" - Ресейдің атом саласындағы жүздеген кәсіпорынды біріктіретін мемлекеттік холдингі. Әрі Ресейдің ядролық қару кешендері мен Ресейдегі АЭС-тердің біразын басқарады.

"Росатом" портфолиосында өзін АЭС салу бойынша әлемде ең көп тапсырыс алған компания деп көрсетеді. 10 елде 33 энергоблоктың құрылысын салып жатырмыз дейді. 2019 жылы ресейлік "Экозащита" ұйымы зерттеу жүргізіп, "Росатом" салып жатқан АЭС-тер саны ресми статистикадағыдан аз екенін, шетелдегі АЭС-терді қарызға салатынын анықтаған.

Дегенмен қазір "Росатом" Ресейдің өзінде төрт АЭС құрылысын жүргізіп жатқаны рас. Сондай-ақ "Росатом" Түркияда төрт блоктан тұратын Аккүйі АЭС-ін салып жатыр. "Росатом" АЭС салып жатқан елдердің қатарында Қытай да бар.

Сондай-ақ ресейлік компания Венгрия, Бангладеш, Үндістан, Беларусь, Египетте де АЭС құрылысы қызу жүріп жатыр. "Росатом" Африкадағы Буркино-Фасо елімен де АЭС жобасын бастауға келіскен.

"Росатомның" Беларусьте салған АЭС-і. 7 тамыз 2022 жыл.

Мәскеудің Украинаға басқыншылығынан соң Батыс елдері Ресейдің мемлекеттік компанияларына жаппай санкция сала бастаған, бірақ "Росатомға" Еуроодақ әлі санкция салмады.

"Росатом" қазір ядролық энергетика бойынша әлемдегі ең ірі ойыншы саналады. Оған санкция салынса, Еуропа елдерінің көбі энергетикалық дағдарысқа ұшырайтынын түсінеді. Ал АҚШ "Росатомның" шетелдегі жобаларына жауапты "Росатом оверсиз" компаниясына ғана санкция салды.

Бірақ соғыс басталғалы Батыс елдерінің көбі "Росатоммен" келісім жасаспауға тырысып жатыр. Мәселен, Чехия "Росатомды" АЭС салуға үміткерлер қатарынан шығарып тастады.

"Экозащита" ұйымы "Росатом" басқа елдерде АЭС салу арқылы сол елдің Ресейге тәуелділігін арттыруға тырысады деп сынаған.

Қазір Қазақстанда жұрт арасында елдегі АЭС-ті Ресей компаниясы салмай қойса деген көңіл-күй байқалады. Бірақ Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Тоқаевпен кездесуде АЭС салып беру әңгімесін жиі қозғап жүр.

Мәселен, 2019 жылы 3 сәуірде Тоқаевтың Мәскеуге сапарында Путин Қазақстанға ресейлік технологиямен АЭС салуды ұсынды.

"Ынтымақтастықтың жаңа формасына өтуді ұсынамыз. Яғни, Қазақстанда ресейлік технологиямен АЭС салу мүмкіндіктерін айтып отырмын" деген еді Путин.

Ал Путин 2021 жылы Қазақстан-Ресей ынтымақтастық форумында "біздің АЭС салу технологиямыз ауаны көп ластамайды" деген еді.

Биыл 8 қарашада Путин "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында "Росатом" Қазақстанда АЭС жобасын әзірлеуге дайын екенін тағы айтып қалды.

ÉLECTRICITÉ DE FRANCE (ФРАНЦИЯ)

Биыл 1 қарашада Қазақстанға Франция президенті Эммануэль Макрон келгенде қоғам екі ел АЭС салу бойынша қандай да бір келісімге келер деп үміттенген. Бірақ Ақорда бұл жөнінде ештеңе айтпады. Ал үкімет тізіміндегі Électricité de France (EDF – "Францияның электр қуаты") компаниясының АЭС салуда тәжірибесі бар.

EDF Франция үкіметіне тікелей бағынады. Бұл – әлемде ең көп электр қуатын өндіретін ірі оператор және Франциядағы 56 атом реакторларына жауапты. Компания атом энергетикасымен қатар газ, гидроэнергетика, жел және күн энергиясын өндірумен айналысады. EDF әлемде 30-дан аса елде жұмыс істейді.

EDF иелігіндегі Фессенхайм АЭС-і. Франция, 2020 жыл.

Бұл компания Ұлыбританиядағы тұрғын үйлер мен мекемелерді электр қуатымен және газбен қамтамасыз етіп отыр әрі Британияда АЭС салып жатыр. Сондай-ақ франциялық оператор Оңтүстік Африка Республикасындағы жалғыз АЭС-тің жұмысын жүргізеді. Испания, Швейцария, АҚШ, Канада, Мексика, Бразилия, Катар, Бахрейн, Сингапур, Кот Д'Ивуар, Австралияда да жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, француздардың бұл операторы Өзбекстанда да бар. 2021 жылы Өзбекстан EDF компаниясын Катардың Nebras ("Небрас") және Жапонияның Sojitz ("Сожитц") компаниясымен бірге Сырдария бойында газ құбырлы электр станциясын салуға таңдап алды. Үш компания бұл құрылысты 25 жыл жүргізеді. Бұдан бөлек, 2022 жылы EDF Ташкентте өзінің еншілесі - EDF In Central Asia компаниясын ашты.

Компанияның дерегінше, олардың әлемде 40 миллион тұтынушысы бар және 2022 жылғы табысы 148 миллиард еуро болған. "Еуростандартпен жұмыс істейміз" деген компанияның негізі девизі – қауіпсіз, экологиялық таза энергия өндіру әрі көмірқышқыл газын көп шығармай жұмыс істеу.

EDF иелігіндегі Шо АЭС-і. Франция, 25 қаңтар 2022 жыл.

Дәл қазір Францияның бұл алып компаниясы әлемдегі кез келген электр және атом энергиясын өндіретін корпорациялармен бәсекелесуге қауқарлы.

Бірақ бұл компанияның айналасында да шу жоқ емес. Мәселен, биыл наурызда осы оператордың Пенли АЭС-і мен Каттеном АЭС-інің салқындату құбырларында жарық пайда болған. Осыдан соң оператор 56 атом реакторындағы 200 ядролық құбырларды тексеруге мәжбүр болды.

CHINA NATIONAL NUCLEAR CORPORATION (ҚЫТАЙ)

China National Nuclear Corporation (CNNC – Қытайдың ядролық ұлттық корпорациясы) атом бомбаларын, ядролық қаруларды, атом су асты қайықтарын жасап, АЭС салады. Компания басшысын Қытай ұлттық кеңесі тағайындайды. Демек, корпорация Қытай үкіметінің бір бөлігі, бір министрліктің күші бар.

CNNC Пекиндегі көрмеде. 2015 жыл.

1955 жылы Қытай атом өндірісі министрлігін құрады да, 1988 жылы бұл министрлікті ядролық корпорацияға айналдырады. Қазір CNNC Қытайдағы АЭС-тердің жартысын, ядролық өнімдерді бақылауда ұстайды.

Компания Қытай аумағындағы алғашқы атом электр станциясы – Циньшан АЭС-ін салған. CNNC Қытайдың ядролық технологиялар мен елдің ядролық стратегиясындағы негізгі күш саналады.

Батыс елдері бұл корпорацияның Қытай әскеріне қатысы барын жиі айтады.

Компанияның өзі мұны жасырмайды және "біздің мойнымызда екі тарихи жауапкерлік бар. Бірі – ұлттық қорғанысты қамтамасыз ету, екіншісі – мемлекеттік активтердің құнын өсіру және қоғамды дамыту" дейді.

Қытайдағы Циньшан АЭС-і.

2020 жылы АҚШ бұл корпорация Қытай әскерін қарумен қамтамасыз етеді деп санкция салған.

CNNC айналасында жемқорлық дауы да болған. Корпорацияны басқарған Кан Жисинь 2010 жылы пара алды деген айыппен өмір бойына сотталған еді.

Қазір CNNC Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасына да белсене қатысып, Пәкістандағы Чашма АЭС-ін салған және Карачи АЭС-інің екінші-үшінші блогын салып жатыр.

Қытайдың ядролық корпорациясы Иран, Египет, Алжирмен ядролық салада серіктес. Бұған қоса, бұл компания алда Сауд Арабиясында АЭС салуы мүмкін.

CNNC 2022 жылы ақпанда Аргентинамен Атуча АЭС-інің үшінші блогын 8 млрд доллар қарызға салып беру туралы келісімге қол қойған еді. Аргентинада сарапшылар Қытайдың несиесіне АЭС салдыру қарыз тұзағына түсу деп дабыл қаққан.

KOREA HYDRO & NUCLEAR POWER (КОРЕЯ)

2002 жылы құрылған Korea Hydro & Nuclear Power ("Кореяның гидро-атом энергетикасы") компаниясы қазір бұл елдегі ең ірі бес АЭС-тің жұмысын дөңгелетіп отыр. Кореядағы бес АЭС бірнеше блоктан тұрады. Бұған қоса, бұл компания Кореядағы 30-дан аса ГЭС-тің же жұмысын жүргізеді.

АЭС құрылысын салуды Коеряда бастаған компания кейін шетелдерден де тапсырыстар ала бастады. Қазір Кореяның гидро-атом энергетикасы Чехияда, Сауд Арабиясында, Польшада және Словакияда АЭС салып жатыр.

Сондай-ақ Индонезия мен Пәкістанда ГЭС-тің, АҚШ-та жел электр станциясының, Чилиде фотоэлектр жобасын бастап кеткен.

Бұл компанияның айналасында да жемқорлыққа байланысты дау болған. Мәселен, 2013 жылы компанияның бірнеше басшысы ядролық реакторларға қауіпсіздік сертификаттарын өтірік берген деп қамауға алынған. Осы шудан соң Корея атом электр станцияларын тексеруді күшейтті.

Korea Hydro & Nuclear Power иелігіндегі АЭС. Оңтүстік Корея.

Ал 2019 жылы АҚШ-тың ядролық реттеу комиссиясы Кореяның гидро-атом энергетикасы компаниясы АҚШ-тың қауіпсіздік талаптарына сай келеді деп таныған.

Қазақстан үкіметі референдумда АЭС салу туралы шешім қабылданса ғана компаниялардың ұсынысын қарастырамыз деп отыр. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 8 қарашада осы төрт компаниядан бөлек америкалық екі компанияның да назарда екенін мәлімдеді.