Accessibility links

Адвокат: Тергеу абақтысында аштық ұстаған Марат Жыланбаев 13 келі салмақ жоғалтқан


Белгілі марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының лидері Марат Жыланбаев (оң жақта) сот залында. Астана, 30 қазан, 2023 жыл.
Белгілі марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының лидері Марат Жыланбаев (оң жақта) сот залында. Астана, 30 қазан, 2023 жыл.

1 қарашадан бері тергеу абақтысында аштық ұстап жатқан белсенді Марат Жыланбаев 13 кило салмақ жоғалтқан. Бұл жөнінде адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлады.

– Мен қазір ғана тергеу изоляторынан шықтым. Марат Жыланбаев 1 қараша күнгі жазбасында салмағы 72 келі болғанын жазған. Ал қазір яғни, 15 қарашада салмағы 59 келі болып тұр, - деді адвокат 15 қараша күні әлеуметтік желіде жариялаған видеосында.

Ол белсендінің жарыссөзі бірнеше рет кейінге шегерілгенін атап өтті.

- 14 қарашаға белгіленген жарыссөз 15 қараша таңертеңгі сағат 10-да өтетін болды деді, одан кейін онысы сағат 15.00-ге ауыстырылды. Одан кейін 15 қараша сағат 15.00-ге белгіленді. Ал кеше түнде сот хатшысы хабарласып, жарыссөз 17 қарашаға ауыстырылғанын айтты, - деді адвокат 15 қараша күні әлеуметтік желіде жариялаған видеосында.

Ақмола облыстық қылмыстық атқару департаментінің баспасөз қызметі 16 қарашада Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында Марат Жыланбаевтың денсаулығын дәрігерлер бақылап отырғанын хабарлады.

"Қазір денсаулығы орташа, медициналық көмекке зәру емес" деп жазылған хабарламада.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" лидері, марафоншы Марат Жыланбаевтың соты 30 қазанда басталған. Бұған дейін судья "белгісіз екі куәгердің өтінішіне сүйеніп", сотты жабық еткен. Бұған жақтастары мен құқық қорғаушылар наразы болған. Қараша басында Марат Жыланбаев ашық сот талап етіп, аузын тігіп тастаған. Кейін қылмыстық атқару жүйесі департаменті "профилактикалық әңгіме жүргізілгеннен кейін сотталушы Марат Жыланбаев тігісін алып тастады" деп айтқан. Ізінше Жыланбаевтың аштық жариялағаны белгілі болды.

Танымал марафоншы, белсенді Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілініп, мамыр айынан бері қамауда отыр. Жыланбаевтың жақтастары билік белсендіні саяси себеппен қудалап отыр деп санайды. Тергеу органдары белсендіні қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп болжайды. Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салғанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Жуырда халықаралық халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.

"Жылынбаев бейбіт оппозициялық ұйымның ісіне араласқаны үшін сотқа тартылмауы керек, соты жабық өтпеуге тиіс. Жыланбаевтың бар "кінәсі" – Қазақстанның авторитар үкіметіне саяси баламаны көптің көзінше бейбіт қолдауы. Ол босатылуы тиіс" деді халықаралық Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мира Ритман.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG