Алматы соты журналистерге шабуыл ұйымдастырды деп айыпталған адамдарға шартты жаза берді. Билік оларға журналистердің "автокөліктерін өртеді, туыстары мен редакцияларына қоқан-лоқы көрсетіп, шабуыл ұйымдастырды" деген айып таққан еді. Бұл туралы Алматы қалалық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық сотының дерегіне сүйеніп, ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
Сот айыпталушы Олексий Токаревті төрт жыл алты айға шартты түрде бостандығынан айырды. Оған "журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірді, жеке өмірге қол сұқты, кәмелет жасына толмаған адамдарды қылмыс істеуге тартты, қорқытты, бұзақылық жасады, ақпараттық жүйе жұмысын бұзды және бөтеннің мүлкін қасақана бүлдірді" деген айып тағылған.
"Т. 2022 жылғы шілдеден 2023 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде өзге адамдардың жеке өмірі, отбасы құпиялары туралы ақпаратты олардың келісімінсіз заңсыз жинап, интернетте БАҚ-қа таратқан. Ол кәмелет жасына толмаған адамдарды қылмыс істеуге тартты. Кәмелет жасына толмаған айыпталушылар — К., Т., С., А. бұзақылық жасап, бөтеннің мүлкін бүлдірді, атап айтқанда редакция ғимараты есігінің терезелерін сындырды, көлікті әдейі өртеп, жәбірленушіге үлкен залал келтірді", – деп жазылған сот хабарламасында.
Токаревтен бөлек қылмыстық істе К., Т., С., А. деген төрт адамның аты-жөні аталады, сот олардың бостандығын 1 жыл 4 айға шектеді.
Сот кәмелетке толмаған айыпталушылардың заңды өкілдері мен Токаревтен моральдық зиянның өтемі ретінде 3 миллион теңге өндіріп алуға шешім шығарды.
Қарашаның басында Алматы қалалық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық арнайы сот "журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірді" деген күдікпен ұсталған Аркадий Клебановты психиатриялық стационарға емделуге жіберген еді.
Былтыр күзден бастап бірқатар қазақстандық БАҚ пен журналистер шабуылға ұшырады. Оларға қоқан-лоқы жасалды, балаларының жеке деректерін біреулер әлеуметтік желіде жариялады. Қаңтарда алматылық журналист Динара Егеубаеваның көлігі өртенді. Ол ұлын әлдекім тапаншамен қорқытқанын хабарлады. Кейін журналист Вадим Борейко пәтерінің есігін белгісіз адамдар желімдеп кеткенін айтты, ақпанда оның видеооператоры Роман Егоровтың екі көлігі өртеніп кетті.
Ақпанда Ulysmedia.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы Самал Ибраева белгісіз біреулер сайттарын бұзып, оған өзінің және отбасы мүшелерінің жеке мәліметтерін жариялағанын айтқан. Кейін ол Астанада біреулер редакцияға шикі ет пен балаларының суреті салынған қорап беріп жібергенін мәлімдеді.
Наурыздың басында полиция осы қылмыстық іс-әрекеттерге күдікті ұсталғанын хабарлады. Ақпарат құралдарының жазуынша, күдікті Аркадий Клебанов – олигарх Александр Клебановтың немере інісі және Сергей Маневичтің ұлы. Маневич экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, Австрия түрмесінде жұмбық жағдайда көз жұмған Рахат Әлиевпен бірге 2007 жылы мемлекеттік төңкеріс жасау туралы қылмыстық іс бойынша айыпталушы болған.
Тергеушілер Аркадий Клебанов журналистерге шабуыл жасау үшін хакерлер тобын жалдаған дейді. Оған "журналистердің қызметіне кедергі келтіру" бабынан бөлек, "Қоқан-лоқы", "Жеке өмірге қол сұғу", "Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру немесе жою", "Бұзақылық" баптары бойынша бірнеше айып тағылған еді.
Биыл қыркүйекте Алматы соты жәбірленушілердің өтініші бойынша, процесті көпшіліктен жабық қарай бастаған.
ПІКІРЛЕР