Accessibility links

Жетпістегі Азаттықтың 40 жылдан аса латынмен жазғаны еленбейді


Азаттық радиосының Түркістан редакциясында ондаған жылдар бойы латын жазуын қолданудың тарихи себептері болды. Бұрын радиода қызмет істеген тарихшы Әбдіуақап Қара Азаттықтың латын қаріптерімен қазақша жазудағы өзі өткерген тәжірибесі туралы айтады.

Елеусіз тарих. Азаттық 40 жылдан аса қазақша латын әліпбиін қолданды
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:00 0:00

Азаттық радиосы Түркістан редакциясында латын әліпбиі әртүрлі нұсқада қолданылды. Советтік Қазақстанды көрген адамдар соғыс алдында Орталық Азияда пайдаланылған латын жазуымен жазса, кейінгі толқын латын жазуының түркиялық нұсқасына бірнеше қазақ дыбысын қосып жазуды әдетке айналдырды.

ӘЛІПБИДІҢ АУЫСУЫ СОҒЫСПЕН ТҰСПА ТҰС КЕЛДІ

1988-1995 жылдар аралығында Азаттық радиосының қазақ бөлімінде қызмет атқарған, тарихшы, доктор Әбдіуақап Қара Екінші дүниежүзілік соғысқа Орталық Азиядан алынып, кейін тұтқынға түскен, соғыс біткен соң Германияда қалған Түркістан азаматтары латын жазуын қолданғанын айтады.

Қазақ жазуын кириллицаға көшіру
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

Соғыстың басталуы Орталық Азия елдері кириллицаға көшіп жатқан кезге тұспа тұс келді. Ол елдер араб графикасынан соң ресми түрде 1929-1940 жылдардың арасында латын жазуын қолданған.

"Сол себепті де эмиграциядағы түркістандықтар өз тілдерінде жазуға мүмкіндік туғанда бірінші кезекте өздері білетін латын әліпбиін пайдаланды" дейді Әбдіуақап Қара.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданнан латын қарпімен қазақша жазылған хат
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданнан латын қарпімен қазақша жазылған хат

Ғалымның бұл айтқаны соғыс кезінде майданнан жазылған жауынгер хаттарын да еске түсірді. Соғыста жазылған үшбұрышты хаттардың кейбірі латын жазуымен, кейбірі тіпті араб графикасымен де жазылғаны белгілі.

Доктор Әбдіуақап Қара соғыста фашистік Германияның тұтқынына түскен түркістандықтардың Түркістан легионында болғанын, сонда түркі тілінде шыққан басылымдарын да кириллицада емес, соғысқа дейін Түркістанда қолданылған латын жазуы үлгісімен шығарғанын айтады.

– 1926 жылы Бакуде өткен тұңғыш түркологиялық конгресстен соң, 1927 жылы қабылданған біртұтас түрік әліпбиін қолдану осылайша эмиграцияда жалғасты деп айта аламыз. Бұл әліпбидің нұсқасын Түркия 1928 жылы қабылдады және күні бүгінге дейін қолданып келеді, – дейді ғалым.

ГЕРМАНИЯДАҒЫ СОВЕТТІК ЛАТЫН ЖАЗУЫ

Соғыс аяқталды. Отанға оралған тұтқындар опасыздық жасады деген айып тағылып, істі болып ату жазасына кесілді, немесе ұзақ мерзімге итжеккенге айдалды. Мұны естіп, елге қайтпай Еуропада қалған түркістандықтар да баршылық еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің қолына түскен Қызыл әскер жауынгерлері.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің қолына түскен Қызыл әскер жауынгерлері.

– Сол адамдардың арасынан Азаттық радиосында жұмыс істегендер болды. Олардың көбі кириллицаны білмеді. Өйткені олар соғысқа алынған уақытта Орталық Азияда әлі де болса латын әліпбиін қолданатын. Соғыста тұтқынға түскен осы аймақ елдерінен шыққандар Түркістан легионында болды. Легионның "Мелли Түркістан", "Милли адабият" сияқты өз журналдары болды. Бұл журналдар бұрынғы, яғни соғыстың алдында Орталық Азияда қолданылған латын әріптерімен басылды, – дейді доктор Әбдіуақап Қара.

Еуропада қалған эмигранттардың арасында 1953 жылы Германияның Мюнхен қаласында Азаттық радиосын құруға белсене атсалысқан азаматтардың бірі – Қарыс Қанатбай.

Соғысқа Совет армиясының артиллерия офицері ретінде қатысқан ол тұтқынға түседі. Кейін Түркістан легионына алынып, лагерьден босаған соң да түркістандықтардың ұйымын басқарады. Доктор Әбдіуақап Қара Берлинде қалған Қарыс Қанатбайдың сонда шығарған журналы да латын қаріптерімен басылғанын айтады.

– Қарыс Қанатбай 1953 жылы Азаттық радиосы ашылғанда Түркелі комитетін басқаратын. Сол ұйымда Türkeli деген журнал шығарады. Бұл журнал да латын әліпбиінде басылды, – деді Әбдіуақап Қара Азаттыққа.

Қазір АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің Гувер институтында сақталған бұл басылым түркі және орыс тілінде шығып тұрған.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Орталық Азиядан алынып, майданда тұтқынға түскен, соғыс біткен соң Батыста қалған түркітілдес халықтардың өкілдері құрған Түркістанды азат ету комитеті 1951 жылдың қыркүйегінде шығарған Türkeli журналы.
Екінші дүниежүзілік соғысқа Орталық Азиядан алынып, майданда тұтқынға түскен, соғыс біткен соң Батыста қалған түркітілдес халықтардың өкілдері құрған Түркістанды азат ету комитеті 1951 жылдың қыркүйегінде шығарған Türkeli журналы.

Әлбетте, Қарыс Қанатбай жалғыз емес еді, тарихшы оның жанында Мәулікеш Қайбалды, Дәулет Тағыберлі және өзге де түркістандықтар Уәли Зунун, Мұрат Ташмұрат, Амман Бердімұрат және Қожамберген Құдайберген сынды Азаттық радиосының қызметкерлері болғанын айтады.

"ҚАДІМШЕ" ЛАТЫН МЕН ЖАҢАША ЛАТЫН

Арада біраз уақыт өтеді. 1967 жыл. Азаттық радиосының жұмыс істеп жатқанына 15 жылға жуықтаған кез. Радиоға жаңа қызметкерлер алынады.

Азаттық радиосының қызметкері Дәулет Тағыберлі әзірлеген хабардың жазбасы. Мюнхен, Германия, 18 маусым, 1957 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.
Азаттық радиосының қызметкері Дәулет Тағыберлі әзірлеген хабардың жазбасы. Мюнхен, Германия, 18 маусым, 1957 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

– Дәулет Тағыберлі Қазақ редакциясын басқарған кезде радиоға тағы да адам керек болады. Ол уақытта Азаттық радиосына Қазақстаннан адам алу қиын. Дәулет ағамыз ендігі қызметкерлерді Түркиядан алады. Осы орайда алғаш Түркиядан келіп, Азаттықта қызмет атқарған Талғат Қосжігіт ағамыз болды. Одан кейін бір-екі ай өтіп, Хасен Оралтай ағамыз да 1967 жылдан бастап Мюнхенде Азаттық радиосында жұмыс істей бастайды, – дейді Әбдіуақап Қара.

Ол радионың қазақ бөлімінде сол кезде қандай әліпби қолданылғаны туралы өз естігенін айтты.

– Талғат ағадан алфавит туралы сұрағанымда, ол Азаттық радиосы 1968 жылдың соңынан бастап, бүгінгі Түркия қолданатын латын әліпбиіне көшкенін айтып еді, – дейді ғалым.

Яғни, Азаттық радиосы ашылған 1953 жылдан 1968 жылға дейін Түркістан редакциясында қазақ тілінде хабар таратқан қызметкерлер Орталық Азияда қолданылған латын жазуын пайдаланған, ал 1968 жылдан бастап Түркияның латынша жазу үлгісіне көшкен. Түркияның өзі 1926 жылы Бакудегі түркологиялық құрылтайдан соң қабылданған ортақ түркі әліпбиіне аздаған өзгеріс енгізіп, оны осы күнге дейін қолданып келеді. Орталық Азияда 1929 жылы енгізілген латын жазуына да 1938 жылға дейін түзетулер енгізіліп отырған.

Жылдар өте келе 1991 жылы ортақ түркі әліпбиінің қазіргі нұсқасы ұсынылады.

Әбдіуақап Қараның айтуынша, сол нұсқа да Азаттық радиосында қолданылған үлгіге жақын болса керек. Ол Хасен Оралтайдың жазғандарына сілтей отырып, радиода қолданылған латын жазуының үлгісіне эмиграциядағы түрколог Зәки Уәлиди Тоғанның себеп болғанын айтады.

Хасен Оралтай өзінің "Елім-айлап өткен өмір" кітабында былай деп жазады:

"Түркелі комитеті 1968 жылдың 27 қарашасы, бейсенбі күні, Мюнхен қаласының орталық отарба бекетінің жанындағы "Кайзер" қонақ үйінде өткізілген жиналысында менің кезінде проф. др. Зәки Уәлиди Тоғанның пікіріне сүйене отырып жасаған ұсынысыма сай, Түркияның қазіргі латын әліппесіне Ң және Ә әріптерін қосып, Түркелінің әліппесі етіп алу шешімін қабылдады. Соның бастамасы ретінде, Азаттық радиосы қазақ бөлімінің қызметкерлері (Жәкен Бапыштан басқасы) солай жаза бастады".

Хасен Оралтай осы бастамадан кейін Қазақстандағы белгілі ақындардың өлеңдерін латын үлгісімен жазып, Түркия қазақтарына да таратқанын айтады. Сонда ол Ә, Ң әріптеріне қоса Қ әрпін де жаңаша таңбалағанын жеткізген. Жазуынша, Ң – латындағы N әрпінің астына белгі қою, Ә – латындағы А әрпінің үстіне жіңішкелік белгісін қою арқылы, ал Қ әрпі латындағы Q үлгісімен таңбаланған екен.

ЕҢ ҰЗАҚ ТӘЖІРИБЕ

Доктор Әбдіуақап Қара өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдары Азаттық радиосының Түркістан редакциясына қарасты басқа бөлімдер де латын жазуын қолданғанын айтады.

– Олардың бәрі де латын жазуын қолданды. Арасында бірлі-жарым әріптерде айырмашылық болуы мүмкін. Бәріне ортақ бір стандарт болды деп айта алмаймыз. Қазақ редакциясы қолданған латын жазуының үлгісін кейін татар редакциясы, басқа редакциялар да алып жатты. Бірақ тура осылай болуы тиіс деп міндеттелген емес. Кейде бір редакцияның ішінде әр адам әртүрлі нұсқада жазуы мүмкін. Мысал үшін, Жәкен Бапыш ағай бұрынғы кеңестік латын жазуын пайдаланатынын көрдім. Ал Қазақстанда жүргенде қудаланған, кейін шетке шығып, Азаттық радиосында жұмыс істеген диссидент Махмет Құлмағамбет ағамыз латын қолданбай, кирилл әріптерімен жазып жүрді, – дейді ол Азаттыққа.

Азаттық радиосының қызметкерлері (солдан оңға қарай): Әбдіуақап Қара, Мұқабай Енгін, Әлихан Жаналтай, Талғат Қосжігіт. Мюнхен, Германия, 1990 жылдың желтоқсан айы. Әбдіуақап Қараның жеке архивіндегі сурет.
Азаттық радиосының қызметкерлері (солдан оңға қарай): Әбдіуақап Қара, Мұқабай Енгін, Әлихан Жаналтай, Талғат Қосжігіт. Мюнхен, Германия, 1990 жылдың желтоқсан айы. Әбдіуақап Қараның жеке архивіндегі сурет.

Доктор Әбдіуақап Қара өзі алғаш Азаттық радиосына барған кезде қазақ бөлімінде кімдер жұмыс істегенін де айтып берді.

– Мен 1987 жылы Азаттық радиосына жұмысқа тұру үшін емтихан тапсыруға барғанымда, соғыста болғандардан тек Жәкен Бапыш қалып еді. Ал Махмет Құлмағамбеттен басқа қызметкерлердің бәрі Түркияның қазақтары болды. Түркиядан барғандардың бәрі латын жазуын қолданды, – дейді ғалым.

Оның сөзін радиоға Қазақстаннан барып қызмет атқарған, кейін Азаттықтың Қазақ бөлімін басқарған Едіге Мағауин де растайды.

– Азаттыққа алғаш келген кезімде Мюнхендегі редакцияда бір адамнан басқасының бәрі латын әрпімен жазатын. Онда түрік тіліндегі латын әліпбиі негізге алынған. Мен де бір апталық тәжірибеден кейін латынға көшіп алдым. Қиын ештеңесі жоқ. Өте оңай. Кирилл әрпімен жазған жалғыз Махмет Құлмағамбет әріптесіміз еді. Ол Совет кезінде диссидент атанды. Азаттыққа Қазақстаннан барған жалғыз қызметкер сол кісі болатын. Махметтен басқа ағайынның бәрі де латын әрпімен жазатын. Меніңше, Азаттық қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуінің алғашқы қадамын жасады десек, артық болмас, – деді Едіге Мағауин Азаттыққа берген сұхбатында.

Ал доктор Әбдіуақап Қара 2020 жылы Түркі дүниесіндегі ортақ әліппе мәселесіне арналған халықаралық ғылыми жиындардың бірінде латын әліппесін қолданудағы Азаттық радиосының тәжірибесі туралы баяндама жасаған. Ғалым сонда Азаттық радиосында 1968 жылдан бері қолданылған латын жазуы үлгісі 1991 жылы Түркияда ұсынылған ортақ әліппе нұсқасымен шамамен бірдей болғанын айтқан.

1991 жылғы 18-20 қараша күндері Ыстамбұлда Мармара университетінің түркология институты "Қазіргі түркі әліпбилері" тақырыбында симпозиум өткізді. Оған түркі әлемінің 28 елінен қатысқан ғалымдар барлық түркі елдері ортақ қолдануға болатын 34 таңбадан тұратын әліпбиді ұсынған еді.

Азаттық радиосы редакциясында қазақ тілінде латын қаріптерімен жазылған материалдар. Прага, Чехия, 1996 жыл
Азаттық радиосы редакциясында қазақ тілінде латын қаріптерімен жазылған материалдар. Прага, Чехия, 1996 жыл

Бір қызығы – 1995 жылы Азаттық радиосының орталығы Мюнхеннен Прагаға көшкеннен кейін де қазақ редакциясында латын әліпбиін қолдану одан әрмен жалғасқан. Сол шамада Қазақстаннан барған қызметкерлердің өзі біршама уақытқа дейін латын әліпбиімен жазып жүреді. Сондықтан Азаттық радиосының латын жазуын қолдану тәжірибесі 50 жылға жуықтап қалады.

Осы мақалада қысқаша мазмұндалған тақырып жайлы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының кезекті эпизодында толығырақ айтылады.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG