Accessibility links

Қырғызстанда 70 жастағы Сәлия Таштанова "билікті басып алуға шақыру ісі" бойынша сотталды


Сәлия Таштанова
Сәлия Таштанова

Қырғызстанның Жалалабад облыстық соты Таш-Кумыр қаласының тұрғыны Сәлия Таштановаға 50 мың сом (шамамен 563 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салды. Оған "билікті басып алуға шақыру" бабы (Қылмыстық кодекстің 327-бабы, 2 бөлігі, 1 тармағы) бойынша айып тағылды. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлады.

70 жастағы Таштанова 6 қазанда ұсталып, тергеу изоляторына қамалған. 11 күннен соң үйқамаққа алынды.

Адвокат Тоқтасын Жоробеков Сәлия Таштанованың ұсталуын оның "Бүтін Қырғызстан" партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров ұсталғаннан кейін жасаған мәлімдемесімен байланыстырған.

"Адахан Мадумаров қамалғаннан кейін мәлімдеме жасады. Ол президент пен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің жетекшісі Қамшыбек Ташиевке қайырылып, Қырғызстанда баға өскенін және әділдік жоғын айтқан. Осыдан кейін "президент, ҰҚМК төрағасының беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қамауға алу бұлтартпас шарасы қолданылды" деді Жоробеков.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, кейінгі екі жылда Қырғызстанда билікті күшпен басып алуға шақыру бабы бойынша ондаған азамат ұсталған, арасында белсенділер, оппозициялық саясаткерлер, құқық қорғаушылар, журналистер мен блогерлер бар. Кейбіріне сот үкімдері де шығып қойған, бас бостандықты айыру жазасы да қолданылған. Қырғызстан билігі аталған тұлғалар заңнаманы бұзды деп мәлімдейді. Алайда күдіктілер мен сотталушылар істердің саясиланғанын айтады.

XS
SM
MD
LG