Қазақстан билігі енгізу мерзімі бірнеше рет шегерілген саусақ таңбасын тапсыруды міндеттеуден бас тартуы мүмкін.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, тиісті норма қазір мәжілісте талқыланып жатқан мемлекеттік корпорация мәселелері жөніндегі жобада бар. Оның сөзінен 29 қарашада жергілікті ақпарат агенттіктері үзінді келтіреді.
Депутаттың айтуынша, аталған шешім "азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшылардың көптеген мәлімдемелеріне орай" қабылданған.
"Дактилоскопия азаматтардың өз еркі. Бірақ шетел азаматтары үшін саусақ таңбасын тапсыру міндетті" деді Смышляева. Оның сөзін Tengrinews.kz келтіреді.
Осы айдың басында ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов қазақстандықтар құжат алған кезде саусақ іздерін өз еркімен тапсыра алады деп мәлімдеген.
Қазақстанда "Дактилоскопия және геномдық тіркеу туралы" заң 2016 жылы қабылданған. Ол 16 және одан асқан азаматтар құжат алған кезде сонымен бірге ата-анасы немесе қамқоршысы жоқ 12 жастан асқан балалар төлқұжат алған кезде дактилоскопиялық тіркеуді міндеттеуді қарастырады.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңның геномдық тіркеуге қатысты бөлігі күшіне енген. Аталған заңның дактилоскопиялық тіркеу туралы бөлігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс болған. Бұған дейін заңның іс жүзінде қолданылуы бірнеше рет шегерілуіне қаржының жетіспеуі де себеп болған.