Accessibility links

Ресейде еңбек мигранттарына әскерден бөлек экономика да мұқтаж


Мигранттарға қарсы рейд. Балашиха, Ресей. 2015 жыл.
Мигранттарға қарсы рейд. Балашиха, Ресей. 2015 жыл.

Кейінгі айларда Ресей саясаткерлері Украинадағы соғысқа шетелден келген жұмыс күшін тартуға үндеп жүр. Сарапшылар мигранттарға әскермен қатар экономика да мұқтаж екенін айтады.

Жақында полиция Мәскеу түбіндегі сауда қоймасына рейд жүргізіп, еңбек мигранттарын соғысқа тартуға тырысты.

Электронды коммерциямен айналысатын ресейлік алпауыт – Wildberries компаниясы "Қара жұма" акциясы күні жүздеген мың тауар уақытынан кеш жеткізілуі мүмкін екенін ескертті.

24 қарашада өткен рейд салдарынан Wildberries платформасында жұмыс істейтін кәсіпорындар миллиардтаған рубль шығынға батуы мүмкін. Ең көп тапсырыс түсетін күні мыңдаған жұмысшы полиция тексерісіне байланысты қызметін тоқтатуға мәжбүр болды.

Сарапшылар пікірінше, Кремль Украинадағы соғыс нәтижесі қоғамдық наразылық туғызған соң, наурызға белгіленген президент сайлауы алдында елдегі ең үлкен әрі әлжуаз топ есебінен ұпай жинауға тырысып жатыр.

– Ресейлік саяси машинаның уайымы көп. Өйткені билік қоғамға ел күткен жеңісті бере алмай отыр. Үкімет мұндайда көптің қолдауына ие болу үшін ұлттық мәселе көтеруге тырысады. Қазір Ресейде жүрген мигранттардың, әсіресе, қос азаматтығы бар шетелдік жұмысшылардың жағдайы қиын, – дейді Карнеги атындағы Халықаралық бейбітшілік қорының ғылыми қызметкері Темір Омаров.

Мобилизацияға үндейтін қағаз ұстап тұрған ер адам.
Мобилизацияға үндейтін қағаз ұстап тұрған ер адам.

Ресей "гибридті мобилизация" жүргізіп жатыр. Майданға әскер жинау науқаны негізінен мигранттарға бағытталған. Билік Украинада қанша ресейлік жауынгер опат болғанына наразы жұртты осылай жұбатқысы келеді.

МЕШІТ ПЕН ЖЕКПЕ-ЖЕК ЖАРЫСЫНДАҒЫ РЕЙД

Ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, 24 қарашада Мәскеуден 60 шақырым жердегі Электросталь қаласында өткен рейд кезінде Wildberries қоймасында істейтін 100-ден астам адам ұсталған. Жаңадан азаматтық алған адамдар әскери комиссариатқа шақырылған.

Ресей билігі бұл тақырыпта ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ кейінгі кезде осындай тексерістер жиілегені туралы ақпарат көбейді.

18 қарашада Латвияда орналасқан "Новая газета Европы" басылымы Мәскеудің іргесіндегі Балашиха қаласының мешітіне полиция, Федералды қауіпсіздік қызметі мен бас прокуратураның өкілдері барғанын жазды. Имамның сөзінше, 17 қарашада тексеріспен келген құқық қорғау органдары жиналғандарды әскери борышын өтеуге шақырған. Мешіт қызметкері полиция нақты қанша адамды ұстап әкеткенін айта алмады.

"Новая газета Европы" дерегінше, екі күн бұрын полиция националистік топтармен бірігіп, Балашихаға жақын Реутов кентіндегі базарға рейд жүргізген. Telegram-да тараған видеода балаклава киген кісілер Реутовте мигранттарды ұстауға үлес қосқанын айтады.

– Құқық қорғау органдарына әрқашан көмектесуге дайынбыз. Мықты, адал әрі әділ Ресейді қолдаймыз! – дейді видеодағы жігіттердің бірі.

Қазанда Хабаровск өңірінің полициясы аралас жекпе-жек (ММА) турниріне барып, жарысқа қатысып жатқан бірнеше мигрантты алып кеткен. Әлеуметтік желіде тараған видеода турнирді тамашалауға келген көрермендер полицияның әрекетін қолдап, шулап жатқаны көрінеді.

Ресейге Орталық Азиядағы постсоветтік елдерден келген мұсылман мигранттар полиция мен әкімшілік бюрократиядан жиі зардап шегеді. Украинада соғыс басталғалы оларға тағы бір қауіп төнді. Ресей азаматтығын алған мигранттардың көбі әскерге шақырылды. Кей мигрантты соғысқа барсаң, азаматтық аласың деп үгіттеді.

Ресей үшін соғысуға ниеттілер аз болған соң, Путин 2022 жылы қыркүйекте ішінара мобилизация жариялады. Бұл шешім ресейліктерге ұнаған жоқ, сондықтан Кремль қазір екінші мобилизация бастауға қорқады.

Мигранттардың көбі майданнан тірі қайтпады. Осындай ақпараттарға қарағанда, Украинадағы Ресей әскерінің қатарында Орталық Азиядан шыққан азамат көп сияқты. Бірақ мұны аз көрген Кремль күзгі әскерге шақыру науқаны мен президент сайлауы күнін жариялаудың алдында қысымды күшейтті.

Өткен айда Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин соғысқа барудан бас тартқан мигранттарды Ресей азаматтығынан айыру керек деді.

Жазда Бастрыкин мигранттар арасында қылмыс көбейгенін айтқан.

– Халық "орыстар майданда жүргенде, мигранттар елде тынышымызды алып жатыр" деп шағынып отыр, – деген Бастрыкин.

Ресей құзыретті органдары рейд жұмыстарын мешітте де жүргізіп жатыр. Видео-скриншот.
Ресей құзыретті органдары рейд жұмыстарын мешітте де жүргізіп жатыр. Видео-скриншот.

Госдума депутаты Михаил Матвеев мамырда "Орталық Азиядан Ресейге азаматтық алуға жыл сайын қаншама адам келеді, бірақ неге Украинада тәжік батальоны жоқ?" деген мәселе көтерген.

– Майданда Ресейдің байырғы халықтары, бірінші кезекте, орыстар Отаны үшын жанын қиып жатыр. Ал елде жүздеген мың азиат жүр, – деген Матвеев. Ол 2023 жылдың бірінші тоқсанында Ресейге 45 мың тәжік азаматы келгенін айтты.

Осы айдың басында Госдума төрағасы Петр Толстой Ресейдің мигранттарға қарсы пассивті позициясын сынады. Депутат кей постсоветтік елдердің азаматтарына Ресейде курьер, такси жүргізушісі, сатушы болып істеуге тыйым салуды ұсынды.

Ол сондай-ақ мигранттардың туған еліндегі жақындарына жіберетін ақша аударымдарына салық салу керек деді. Толстойдың айтуынша, азаматтары Ресейден нәпақа тауып, жан бағып отырған елдерде мемлекет орыс тілін тиісті деңгейде қорғамайды.

– Өзбекстан – Петр Толстойдың шаруасы емес. Ол өз елі мен азаматтарының қамын жесін, – деді өзбекстандық депутат Бобур Бекмурадов.

Бекмуродовтың сөзінше, Өзбекстан халқы орыс тілін жетік меңгерген.

35 миллион халқы бар Өзбекстан Ресейдегі еңбек мигранттарының саны бойынша басқа мемлекеттер арасында көш бастап тұр.

ЖҰМЫС КҮШІНІҢ ТАПШЫЛЫҒЫ

Ресейге майданда әскер қалай керек болса, экономикаға да жұмыс күші дәл солай қажет. Мәскеудегі Гайдар атындағы экономикалық саясат институты жүргізген мониторинг биыл шілдеде жұмыс күші жетпейтін кәсіпорындар үлесі 42 пайызға жеткенін көрсеткен. 2022 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 25 пайызды құрап еді.

Қыркүйекте ресейлік бизнес-омбудсмен Борис Титов осы статистикаға сүйеніп, Ресейдің еңбек нарығын жауып, мигранттарға тыйым салу мүмкін емес деді.

Еңбек мигранты Мәскеуде жүк тасып жүр. 2021 жылғы маусым айы.
Еңбек мигранты Мәскеуде жүк тасып жүр. 2021 жылғы маусым айы.

Мәскеу мемлекеттік университеті экономикалық-саяси зерттеулер орталығының директоры Олег Буклемишев өткен аптада "Московский комсомолец" газетіне берген сұхбатында рубль бағамының құлдырағанын ескерсек, Ресей қазір қолда бар жұмыс күшінен айырылып қалуы мүмкін деген болжам айтты.

– Мигранттарда таңдау бар: Ресей болмаса, басқа елге барады. Рубль бағамы ұнамаса, жұмысқа бармайды. Ешкім рубльмен жалақы алып, оны валютаға аударғанда, тиын-тебен болып қалғанын қаламайды, – деді ол.

Ресей билігі бұл мәселені жақсы біледі, бірақ көші-қон саясатында қайшылық көп. Еуразиядағы миграция бойына тәуелсіз сарапшы Ян Матусевичтің пікірінше, билік мигранттар мәселесін қоғам назарын өзекті мәселелерден басқа арнаға бұру үшін популистік құрал ретінде пайдаланады.

– Бір жағынан, Ресей Орталық Азиядан келген мигранттарға азаматтық беру процесін жеделдетті. Екінші жағынан, сәуірде ұлттық қауіпсіздікке қарсы іс-қимыл жасаған адамдарды жедел азаматтығынан айыру туралы заң қабылданды. Соғысты сынап немесе әскери қызметтен бас тартқан адамдар осы топқа жатады, – дейді ол.

Наурызда кей депутаттар құрылыс саласындағы жұмыс күші тапшылығын жою үшін көші-қон талабын бұзған мигранттарға амнистия жариялауды қолдаған.

– Ресейлік депутаттар мигранттарды ресурс көреді: оларды не жұмысқа салып, не соғысқа тартқысы келеді, – дейді Матусевич.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG