Израиль әскері АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған палестиналық ХАМАС тобын "атысты тоқтату туралы режимді бұзды", "Израиль аумағын атқылады" деп айыптап, Газа секторында әскери қимылдарды қайта жандандырғанын ресми түрде мәлімдеді.
Израиль армиясының мәлімдеуінше, содырлар Газамен шекараға жақын жатқан Израильдегі елді мекендерге бірнеше ракета жіберген. Снарядтарды Израильдің әуе қорғанысы атып түсірген. Зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ақпарат жоқ.
Израиль әскері әлеуметтік желідегі парақшаларында Газадағы ХАМАС нысандарына қайта соққы жасайтынын жариялады.
Газа секторында атысты тоқтату режимі 24 қарашадан бері күшінде болды. 30 қарашада таңертең тараптар оның мерзімін тағы бір күнге ұзартуға келіскен. Ол кезде ХАМАС Израильге босататын азаматтарының жаңа тізімін берген.
Израиль премьер-министрінің кеңсесі 1 желтоқсанда ХАМАС кепілдікте ұстап отырған әйелдердің бәрін босатамыз деген уәделерін орындамады, Израиль азаматтарына ракета жіберді деп мәлімдеді. Бейсенбі күні ХАМАС алдын ала келісілген 10 адамның орнына 8 адамды босатқан. Ал Израиль армиясы Қызыл Крестке тек алты адамды ғана тапсырғанын растаған.
Тараптар арасындағы келіссөзге араағайындық жасап жүрген Катар сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ресейдің екі азаматы – 29 қарашада тұтқыннан босатылған Ирина Татти және Елена Труфанова тұтқын алмасу тізіміне 30 қарашада енгізілген. Бұған дейін ресейліктер Израильмен жасалған келісімнен тыс – Ресей билігінің өтінішімен босатылғаны хабарланған.
- Гуманитарлық үзіліс кезінде ХАМАС израильдік 80 әйел мен баланы, сонымен бірге 20-дан астам шетел азаматын босатқан. Тұтқыннан босаған шетелдіктердің басым бөлігі – Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен жұмыс істеуге келгендер.
- Израиль түрмеден палестиналық 200-ден астам әйел мен жасөспірімді босатты. Олар Израильде терроризм айыбымен сотталған.
- Гуманитарлық үзіліс кезінде Газа секторына гуманитарлық көмек – азық-түлік, дәрі-дәрмек, отын жеткізілді.