Accessibility links

Reuters: АҚШ Киевке "ақылды бомба" жеткізуді 2024 жылға шегерді


GLSDB ракетасы. Көрнекі сурет.
GLSDB ракетасы. Көрнекі сурет.

АҚШ билігі Украинаға жоғары дәлдікті GLSDB (Ground Launched Small Diameter Bomb) ракетасын жеткізуді 2024 жылға шегерді. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Reuters жазды.

Бастапқыда ракетаның ірі партиясы биыл наурызда жеткізілетіні хабарланған. Алайда ақпанда GLSDB жылдың екінші бөлігінде жеткізілетіні айтылды.

Енді ақпарат агенттігінің дереккөзінің айтуынша, негізгі мердігер Boeing компаниясы АҚШ билігіне ракеталарды 2023 жылы желтоқсанда береді, одан кейін бірнеше ай сыналып, тек содан кейін Украинаға жөнелтілмек.

Мәселе 150 шақырымға дейін ұшатын жоғары дәлдікті ракета жөнінде болып отыр. Аталған жүйе ракеталық қозғалтқышы бар диаметрі шағын бомбадан құралған. Өздігінен дәлдей алатын ракетаны HIMARS қондырғысынан да ұшыруға болады. Ол жүріп бара жатқан нысананы 160 шақырым қашықтықтан атып түсіре алады. Ол украин әскері қазір қолданып жатқан ракеталардан әлдеқайда алысқа ұшады.

Украинаға аталған ракета күздің басында АҚШ берген 160 шақырымға дейін ұшатын ATACMS зымырандарының шектеулі санын толықтыру үшін қажет. Бұл украин әскеріне қазіргіге қарағанда екі есе алыс қашықтықтағы нысаналарды атуға мүмкіндік береді.

2023 жылдың наурыз айынан бастап Ресей қорғаныс министрлігі GLSDB реактивті зымырандарын кем дегенде төрт рет анықтағанын, ең соңғысы 26 қазанда болғанын мәлімдеген. Reuters дереккөздері АҚШ Украинаға бірде-бір «ақылды бомба» бермегенін айтады. Киев аталған қаруды басқа елдерден алды ма, белгісіз.

XS
SM
MD
LG