Accessibility links

Белсенділер мен қорғаушы Жыланбаевтың үкімін "тапсырыс" деп санайды


Белсенді Әсет Әбішев (сол жақтан бастап), адвокат Мейіржан Досқараев пен құқық қорғаушы Сергей Измаилов тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының лидері, 7 жылға сотталған Марат Жыланбаев туралы баспасөз мәслихатында отыр. Астана, 5 желтоқсан, 2023 жыл
Белсенді Әсет Әбішев (сол жақтан бастап), адвокат Мейіржан Досқараев пен құқық қорғаушы Сергей Измаилов тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының лидері, 7 жылға сотталған Марат Жыланбаев туралы баспасөз мәслихатында отыр. Астана, 5 желтоқсан, 2023 жыл

5 желтоқсанда Астанада тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының өкілдері мен адвокат баспасөз мәслихатын өткізіп, белсенді Марат Жыланбаевқа шыққан сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді. Олар "бұл – саяси үкім әрі тапсырыс" деді.

Тергеу Жыланбаевты белсенділер Бибігүл Иманғалиева мен Жанар Сәрсеноваға ақша аударғаны үшін айыптаған. Айыптау актісінде Иманғалиева мен Сәрсенова "экстремистік қозғалыстың қатысушылары" деп жазылған.

Белсенді Сергей Измайловтың айтуынша, Иманғалиева мен Сәрсенов бас прокуратураға хат жолдаған. Бұл хатқа Жыланбаевтың сотына қатысқан прокурор Саят Нұрбеков "Иманғалиева мен Сәрсенованың есімі экстремистік ұйымға қатысушылар тізімінен" табылмағанын айтып жауап берген.

Ал қорғаушылар "тергеу фактілерді бұрмалады, судья біржақты шешім шығарды әрі адвокаттардың тұжырымдарын ескермеді" деп есептейді.

Баспасөз мәслихатына қатысқан тағы бір белсенді Әсет Әбішев Марат үшін күресті жалғастыратынын айтты. Ол "қандай жағдай болмасын Марат "Алға, Қазақстанның" лидері әрі ұйымдастыру комитетінің мүшесі болып қала беретінін" мәлімдеді.

Қазір Жыланбаев тергеу изоляторының медициналық бөлімшесінде жатыр. Абақтыдағы 16 күн аштықтан соң оның денсаулығы нашарлаған. Адвокат Мейіржан Досқараев "Жыланбаев ақырына дейін күресетінін айтты" дейді.

Баспасөз мәслихатына белсенділерден бөлек Жыланбаевтың денсаулығына алаңдаған басқа да адамдар қатысты.

Марат Жыланбаев – белгілі супермарафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының лидері. 29 қарашада Астанада сот оны "тыйым салған ұйымның қызметіне араласты", "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деп айыптап, 7 жылға соттаған.

Тергеу Жыланбаев шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, билікті сынап жүрген Мұхтар Әблязовпен байланыста болған деп есептейді. Жыланбаевтың жақтастары бұл істің саяси астары бар деп біледі. Қазақстандық құқық қорғаушылар марафоншыны "саяси тұтқындар" қатарына енгізген.

Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықтар бойынша халықаралық бюро Астананы белсенді Марат Жыланбаевты дереу қамаудан босатуға шақырған. Екі ұйымның бірлескен мәлімдемесінде Жыланбаевқа шыққан үкім "Қазақстан билігінің демократиялық реформалар жасауға құлықсыз екенін көрсеткені" айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG