Accessibility links

Алматы соты бұрынғы әйелін өлтірген ер адамның апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Алматы қалалық соты заңгер Айман Асанованың өліміне кінәлі деп танылып, 11 жыл түрмеге кесілген ер адамның апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл жөнінде Азаттыққа жәбірленуші жақтың өкілі, марқұмның бауыры Диас Сақытжанов хабарлады.

– Апелляциялық сот бітті. Үкім өзгеріссіз қалды. 11 жыл түрме. Апелляциялық шағымды сотталушының өзі түсірген. Біз үкімді өзгеріссіз қалдыруды өтіндік. Негізі бұл жерде ерекше ауыр қылмыс болғандықтан [99-баптың] екінші бөлігімен соттағанын, яғни айыпталушыға 15-20 жыл түрме берілгендігін қалағанбыз. Бірақ сот әу баста 1-бөлігімен соттауды шешті. Апелляциялық сот та бірінші бөлігімен қарастырды. Алғашқы үкімнен кейін осының өзіне қуанып отырмыз, – деді Диас Сақытжанов Азаттыққа.

Бастапқыда сот алқасы Айман Асанованың бұрынғы күйеуін 1,5 жыл түрмеге кескен. Сотта айыпталушының әйелге 18 жерден пышақ ұрғаны белгілі болды. Сот "ер адам аффект жағдайында әйелін өлтірді" деген шешім шығарды. Бұған қоса, сот айыпталушының басқа некеден кәмелетке толмаған екі баласы барын ескерген. Судья Еркін Майшинов шығарған үкім қазақстандықтар мен құқық қорғаушыларды наразы етті.

Марқұмның жақындары үкіммен келіспей, үкімді апелляцияға берген. Адвокат Жохар Өтебеков бірінші инстанциядағы үкімді әділетсіз деп атаған. 1,5 жыл түрме жазасы туралы сот үкімін жоюды сұрап, апелляциялық шағым түсірген адвокат Жохар Өтебеков Facebook парақшасында "сот айыпталушының ешқандай аффектіде болмағанын анықтады" деп жазды.

Қоғам наразылығынан кейін маусымның соңында Алматы сотының апелляциялық инстанциясы Айман Асанованың өліміне қатысты шыққан үкімнің күшін жойды. Іс басқа құраммен қайта қарауға жіберілді. Кейін сот ер адамды 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстанда ушығып тұрған мәселелердің бірі. Статистикаға сүйенсек, елде Қазақстан әйелдерінің басым бөлігіне күйеуі немесе серігі күш қолданады. Полицияға жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама келіп түседі.

Қазақстан ІІМ биыл мамырда жариялаған мәліметі бойынша, елде жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Тек аз бөлігі ғана жазаланған.

БҰҰ мәліметінше, елде жыл сайын шамамен 400 әйел күйеуі немесе серігінің қолынан қаза болады. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстық әлімжеттік азаймай отырғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG