Accessibility links

Қаңтар кезінде "ұсталғандарды азаптады" деп айыпталған ҰҚК қызметкерлеріне үкім оқылды


8 желтоқсанда Алматының Түрксіб аудандық сотында "Қаңтарда ұсталғандарды азаптады" деп айыпталған ҰҚК-ның 11 қызметкеріне үкім оқылды. Істе 54 жәбірленуші бар, бірі – Ербол Өтепбаев Қаңтарда көз жұмған. Жұма күні сот үкіміне журналистер қатыстырылмады. Жәбірленуші жақтың адвокаты мұны заңсыздық деп атады.

Азаттық тілшісіне сот үкімі жөнінде жәбірленуші жақтың адвокаты Гүлнара Жуаспаева хабарлады. Оның айтуынша, судья Дінасыл Жанатқызы "билік өкілетін асыра пайдаланды", "адам азаптады" деп айыпталған ҰҚК-ның 11 қызметкерінің бірі Ұлан Жұмановты ақтаған, үшеуіне шартты жаза берген. Қалғандары "3-5 жыл аралығында түрмеге кесілген". Адвокат соттан ашулы күйде шықты.

- Біріншіден, өте аз жаза берді. 3-5 жыл. Ең басты айыпталушы Жұмановты сот ақтады. Адамдарды ұрып-соғып, тепкілегендердің үшеуіне шартты жаза берді. Сот үкіміне келіспейміз. Оған шағым түсіреміз. Азаматтық шағымды ішінара ғана қанағаттандырды. Өтепбаеваның әйеліне моральдық шығын ретінде – 20 млн теңге, бірнеше адамға миллион теңге төленеді. Қалғандарының шағымы қанағаттандырылмады. Өте әділетсіз үкім! Жәбірленушілердің құқығын қорғаған маған қатысты (мен бір жылдан бері бұл істі тегін жүргізіп келемін) жеке қаулы шығарды, - деді ол.

"Азаптау ісі" бойынша ақталып шыққан ҰҚК қызметкері Азаттыққа пікір беруден бас тартты. Ал оның адвокаты "сотта айыпталушылардың айыбын дәлелдейтіндей айғақтар келтірілмегенін" жеткізді. Азаттық тілшісі одан "Ербол Өтепбаевтың өліміне кім жауапты?" деп сұрады. "Мен сот үшін айта алмаймын. Бірақ айыпталушылардың Өтепбаевты өлтіргенін дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ" деді ол.

Қазақстанда сотталғандарды, күдіктілерді қамау орындарында, тергеуде азаптау фактілері жиі болады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған адамдардың сегізі азаптаудан қаза тауып, бірнеше адам мүгедек болып қалған.

Қазақстанда азаптау қылмысы туралы істер сотқа сирек жетеді. Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай қамауға алу шараларынан кейін азаптау фактілері бойынша жүздеген шағым түскен, бірақ істің көпшілігі "айғақ-дәлел жоқ" немесе "азаптаушыларды анықтау мүмкін болмады" деген желеумен жабылған.

Бұған дейін "ұсталғандарды азаптады деп айыпталған ҰҚК қызметкерлерінің соты баяу жүріп жатқаны" жөнінде шағым болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG