Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде тұрмыстық зорлық-зомбылық, түрмедегі азаптау фактілері жиілеген тұста "адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын" ұсынды.
Тоқаевтың 8 желтоқсанда жарияланған қаулысына сай, ол 2024 жылдың қаңтарында үкіметке тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық заңнаманы қатаңдату бойынша заң жобасын дайындауды тапсырды.
Бұған қоса, үкімет 2025 жылдың наурызына дейін "отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін әлеуметтік-психологиялық түзету практикасын енгізу" үшін заң жобасын дайындауы тиіс.
Қазақстан президенті үкімет пен әкімдіктерде аудан орталықтары мен шалғай ауылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсету бойынша дағдарыс орталықтары санын көбейтуді де міндеттеді.
Тоқаевтың жоспары бойынша үкімет 2024 жылы негізінен әйел полицейлерден тұратын тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресетін арнайы бөлімшелер құруы керек.
Қазақстан билігі заңда "жұмыс орнындағы жыныстық қудалау" (харассмент) ұғымын айқындамақ.
Салтанат Нүкенованың 9 қарашадағы қазасынан кейін елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтуді талап етіп жатыр. Нүкенованың қазасына байланысты оның күйеуі, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев қамауға алынған.
Бұл оқиғадан кейін қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қайта көтеріліп, кінәлілер көп жағдайда жазасыз қалатыны айтыла бастады. Құқық қорғаушылар мен феминистер заңға "фемицид" түсінігін енгізуді талап етеді.
2017 жылғы шілдеде "Ұрып-соғу" және "Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру" баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылған.
ПІКІРЛЕР