Accessibility links

Назарбаевтың "екінші отбасын заңдастыру" әрекеті және "Батысты түйреп өткен" ҰҚШҰ


Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев және "Қазақстан аруы-99" байқауының жеңімпазы Әсел Исабаева (қазір тегі Құрманбаева).
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев және "Қазақстан аруы-99" байқауының жеңімпазы Әсел Исабаева (қазір тегі Құрманбаева).

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің екінші отбасын неліктен жария еткенін талдады. Сонымен қатар Ресей Орталық Азия арқылы Германиядан көлік пен автобөлшектерді алдыртып жатқанын жазды. Бұдан бөлек Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы өз мәлімдемесінде Ресейдің уәжін қайталап, Батысты түйреп өткеніне тоқталды.

НАЗАРБАЕВ ЕКІНШІ ОТБАСЫ БАРЫН НЕ СЕБЕПТІ МОЙЫНДАДЫ?

Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа» атты жаңа кітабында 1999 жылы «Қазақстан аруы» атанған Әсел есімді әйелмен «мұсылманша неке» қиғанын, одан екі ұлы барын мойындағанын жазды.

BNE Intellinews Назарбаевтың екінші, үшінші әйелі бар деген қауесет бұрыннан айтылып жүргенін келтіреді. Әсел Құрманбаева (бастапқы тегі Исабаева – ред.) Назарбаевтан қырық жас кіші, екеуі кездесе бастаған шақта Құрманбаева 19 жаста болған.

Орталық Азияда көп әйел алуға заңмен тыйым салынған. Қазақстан парламенті 2001 және 2008 жылдары көп әйел алуды заңдастыруды талқылаған. Бірақ әйел депутаттар мұны сынға алған соң, заң қабылданбады.

Назарбаев сынға қалатынын біле тұра неліктен екінші отбасы барын жария етті деген мәселе қызу талқыланып жатыр.

Басылым саясаттанушы Талғат Қалиевтің Азаттықтың орыс қызметіне берген сұхбатына қайырылады. Онда Қалиев Назарбаев екінші отбасын заңдастырғысы келетінін айтқан.

«[Енді] оларға заң бойынша бірдеңе қалдыруға болады. Олар [Назарбаевтың активтерін] мұрагерлікпен алуға құқығы бар», дейді саясаттанушы.

"ПУТИННІҢ АЙНАЛМА ЖОЛЫ": РЕСЕЙ НЕМІС КӨЛІКТЕРІН ҚАЗАҚСТАН АРҚЫЛЫ АЛДЫРТЫП ОТЫР

Ұлыбританияда шығатын Telegraph басылымы Германияның автокөлік өндірушілері санкцияға қарамастан Орталық Азия арқылы Ресейге автокөлік пен автобөлшектерді экспорттап жатқанын жазды.

АҚШ-тағы Халықаралық қаржы институтының дерегінше, Германияның Қырғызстанға тасымалдаған автомобиль мен автобөлшектердің экспорты биылғы жылдың тоғыз айында 2019 жылмен осы кезеңімен салыстырғанда 5500 пайызға артты. Ал Қазақстанға неміс көліктері мен автобөлшектерінің экспорты 720 пайызға артты. Халықаралық қаржы институты бұл өсім Ресей президенті Путин айналма жолмен Батыс тауарларына қол жеткізіп жатқанын әйгілейді дейді. Халықаралық қаржы институтының бас экономисі Робин Брукстың айтуынша, бұл күрт өсімді түсіндіретін жалғыз себеп осы.

Германияның BMW, Volkswagen, Porsche және Mercedes тәрізді көлік өндіруші компаниялары Мәскеу Украинаға басып кірген соң, Ресейден кетіп, бұл елге экспортты тоқтатқан.

Мақала авторы Мелисса Лоуфордтың жазуынша, Кремль Еуропадан жанама жолдар арқылы тауар алдыртып жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин 2022 жылдың мамырында санкцияларды айналып өтуге көмектесетін параллель импорт бағдарламасын енгізді. Параллель импорт бағдарламасы тауардың меншік иесінің рұқсатынсыз үшінші елдерден түрлі тауарды кіргізуге рұқсат етеді.

Лондондағы Capital Economics зерттеу институтының дамушы нарық жөніндегі экономисі Лиам Пич параллель импорт арқылы Ресейге неміс автокөліктері, француз косметикасы мен батыстың басқа да тауары жеткізілетінін айтты.

Ресей орталық банкінің мәліметінше, параллель импортқа рұқсат етілген алғашқы алты айдың ішінде елге 20 миллиард доллардан астам сомаға тауар импортталды.

Германияның автомобильөнеркәсібі қауымдастығының өкілі бұл сала Ресейдің Украинадағы соғысын айыптап, Ресейден кеткенін жеткізді. Қауымдастық мәліметінше, Қырғызстан, Қазақстан, Армения мен Грузияға автомобиль экспорты биыл жыл басынан бері 2021 жылдың алғашқы он айымен салыстырғанда 156 пайызға артқан. Бірақ бұл − осы елдерге жеткізілген жаңа көліктер бойынша дерек, бұл ретте автобөлшектер мен ескі көліктердің экспорты есепке алынбаған.

Қауымдастықтың өкілі Ресейдегі диллерлер Орталық Азияға неміс көліктерін бұрынғыдай сата алмайды, сол себепті Германия Орталық Азияға көлік экспортын арттырды деп топшылайды.

Бруктың пайымдауынша, Ресейге автомобиль мен автобөлшектерді тек Германия емес, Еуропаның басқа елдері де айналма жолмен жеткізіп жатыр.

Халықаралық қаржы инстиуттының дерегіне қарағанда, АҚШ-тың Орталық Азияға экспорты биылғы жылдың алғашқы алты айында 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,5 пайызға, Польшаның экспорты 27 пайызға өсті.

ҰҚШҰ-НЫҢ КЕШІККЕН ДЕКЛАРАЦИЯСЫ: "БАТЫСТЫ ТҮЙРЕП ӨТУ, СӨЗ БЕН ІСТЕГІ АЛШАҚТЫҚ"

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы осы аптада сыртқы істер министрлерінің мәлімдемесі мен ұйымның қауіпсіздік кеңесінің декларациясын жариялағанына назар аударады. Бұл мәлімдеме Минскіде өткен, ұйымға мүше елдердің президенттері қатысқан саммиттен екі аптаға жуық уақыттан соң ғана жарық көрді. Мәлімдеме Беларусьте өткен саммитке Армения өкілдері қатыспағандықтан кеш жарияланды.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері мәлімдемеде «халықаралық қатынастардағы күш факторы артып, қақтығыс кеңістігі кеңейіп жатқанын өкінішпен жеткізген». Сондай-ақ онда «ешбір ел өзінің қауіпсіздігін басқа елдердің қауіпсіздігі есебінен қамтамасыз етпеуге міндетті» делінген.

ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшылары Минскідегі жиында. 23 қараша 2023 жыл.
ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшылары Минскідегі жиында. 23 қараша 2023 жыл.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы ең ірі экономика әрі әскери держава − Ресей Украинаға басып кіріп, соғыс бастаған.

Ары қарай мәлімдемеде «Еуропа қауіпсіздік жүйесінің дағдарысқа ұшырағанына» алаңдаушылық білдіріп, «тең және бөлінбейтін қауіпсіздік» қағидасын ұстануға шақырған.

Мақала авторы Кэтрин Путц бұл тіркесті Ресей үнемі ілік ететін, Украинаға басып кірерде қолданған, қырғи-қабақ соғыстан қалған сарқыншақ деп бағамдайды. 2022 жылдың ақпанында Ұлыбританияда шығатын Guardian басылымы «қауіпсіздікті ұжымдық концепция ретінде қарастырған жөн, сол себепті бір мемлекеттің әрекеті екінші мемлекетке қауіп төндірсе, бөлінбейтін, тең қауіпсіздік принципі бұзылады. Сондықтан бірде-бір мемлекет өз қауіпсіздігін басқалардың есебінен күшейтпеуге тиіс» деп жазған. Ресейдің ойынша, Украинаның НАТО-мен қарым-қатынасын күшейтуі Киевтің қауіпсіздікті Ресейдің есебінен нығайтуына әкелген. Алайда бұл мүмкін емес дүние. «Бұл қисынға салсақ, белгілі бір мемлекет өз қауіпсіздігін күшейтсе, ашушаң көршінің басып кіру қаупі төнеді».

Ал Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы қауіпсіздік кеңесінің декларациясында мемлекетаралық қарым-қатынаста күш қолданбау және ұйым ішіндегі және басқа мемлекеттермен келіспеушілікті бейбіт жолмен шешу» жайлы жазылған.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуі кезінде.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуі кезінде.

Кэтрин Путц бұл мәлімдемедегі сөз бен істің үйлеспейтініне назар аударады. Ресейдің Украинаға басып кіргенін былай қойғанда, былтыр ҰҚШҰ-ға мүше Тәжікстан мен Қырғызстан шекарада қақтығысты. Қазір ахуал тұрақталып, келіссөз аздап ілгері басса да, қақтығыс қайта тұтануы мүмкін деген қауіп жоқ емес.

Автор декларацияның Батысты шаншып өтетін тұстарын келтіреді. Путцтың ойынша, халықаралық сот төрелігі (биыл мамырда Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот Путинді тұтқындауға ордер берген) мен қару-жарақты бақылау жөніндегі келіссөздерді «саясиландыруға» қарсы тұру және «халықаралық қатынаста блок конфронтациясына негізделген менталитетке оралуға» алаңдаушылық білдіру − Батысты түйреп өтуге бағытталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG