Accessibility links

Соғыс жақын арада аяқталмайды. Ресей президенті 4 сағаттық эфирінде не айтты?


Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз конференциясын дәмханадағы теледидардан көріп отырған адамдар. Омбы, 14 желтоқсан 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз конференциясын дәмханадағы теледидардан көріп отырған адамдар. Омбы, 14 желтоқсан 2023 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин төрт сағат бойы тікелей эфирде журналистер мен тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Бір сөзбен қорытар болсақ: Украинадағы соғыс Путин қалағанша жалғасады.

Ресей президенті Владимир Путин төрт сағаттан астам сұрақ-жауап сессиясында жұмыртқа бағасы, табиғи газ, Еуроодақ, аборт, Сібір темір жолы, жасанды интеллект және ардагерлерге арналған жеңілдіктер туралы айтты.

Әрине, Украинадағы соғыс тақырыбы да қозғалды.

– Бейбітшілік біз мақсатымызға жеткенде ғана орнайды. Мақсатымыз – Украинаны денацификациялау, демилитаризациялау және бейтарап қылу, – деді Ресей президенті Владимир Путин 14 желтоқсанда өткен сұрақ-жауап сессиясында.

Путин ұзақ сөйлеп, Ресейдің жарқын болашағы туралы айтты. Статистикалық деректерден шалғай аудандардағы "жұмыртқа бағасы қымбат" деген қара халықтың мәселесіне дейін әртүрлі тақырыпты қамтып, Батыс елдеріне өкпесін тізіп шықты.

Ресейдегі жағдайды жіті бақылап отырғандар Украинадағы соғыс туралы бөлімді мұқият тыңдады. Мәскеу Донбасста соғыс өртін тұтату үшін құпия тыңшылар жібере бастағалы – 8 жыл, Украина территориясына басып кіргелі 2 жыл өтті.

"УКРАИНАҒА ӘЛІ ДЕ ҮЛКЕН ҚАУІП ТӨНІП ТҰР"

Қыс таяған сайын Украинаның жазда бастаған қарымта шабуылы сәтсіздікке ұшырай бастады. Ресей шабуылын қайта бастап, Украинаның инфрақұрылымы мен бейбіт халқын әуеден соққылап жатыр. Батыс елдерінің қолдауы азайды, АҚШ Конгресі де қосымша әскери көмек беруде ортақ шешімге келе алмады.

Осыған қарап Путин соғыс өзі қалаған кезге дейін жалғасатынын, Ресей түбінде Украинаны ғана емес, Батыс елдерін де жеңетінін мәлімдеп отыр.

– Путиннің мақсаты мен мүддесі өзі алғаш билікке келген және Украинаға қарсы соғыс бастаған күннен бері аса өзгере қойған жоқ. Путин немесе Ресей келіссөзге мүдделі деу ақымақтық болар еді. Путин Украинаның капитуляция жариялау шарттарын ғана талқылайды. Сондықтан Украинаға әлі де үлкен қауіп төніп тұр, – дейді Лондондағы Chatham House талдау орталығындағы Ресей және Еуразия бағдарламасының директоры Джеймс Никси.

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудегі баспасөз мәслихатында. 14 желтоқсан 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудегі баспасөз мәслихатында. 14 желтоқсан 2023 жыл.

Путин өткен аптада бәрі күткен жаңалықты растады: ол наурызда өтетін президент сайлауына қатысады. Аяқ астынан үлкен бір мәселе тумаса, Путин тағы да жеңіске жетеді. Сондықтан президенттің бұл жолғы сұрақ-жауабы сайлауалды шараға көбірек ұқсады. Бірақ сайлауға қарағанда соғыс туралы көп айтылды.

Осы аптада Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонға ұшып барды. Ол Украинаның жеңісіне күмәнмен қарайтын конгресмендердің (негізінен республикашылдар) ойын өзгертіп, оларды Киевке әскери көмек беруге көндіруге тырысты. Путиннің сұрақ-жауап сессиясы Зеленскийдің әрекетіне жауап болды.

Путин сұрақтарға жауап беріп жатқанда, Украинаның тағдыры сол күйі шешілмеді. Конгресс Киевке 60 миллиард доллар көлемінде әскери көмек беру туралы заң жобасына қол қоюды келер жылға қалдыруы мүмкін.

Путин Украинаның Днепрдің шығыс жағалауындағы шағын плацдармы нәтиже бермейтінін айтты.

– Украина билігінің бұл әрекеті ақылға сыймайтын жауапсыздық деп ойлаймын. Бірақ бұл – өздерінің шаруасы, – деді Ресей президенті.

Зеленский Путинге қарсы бағдарлама құрып, сұрақ-жауап конференциясы күні Еуропа кеңесінің алдында сөйледі.

– Биыл Путин барынан айырылды. Ол Украинада ғана емес, еуропалық өмірдің барлық аспектісінде жеңілді. Еуропа бірлігін сақтап қалды. Өз халқын Кремль қалаған дағдарыстардың бірде-біріне тартуға мүмкіндік бермеді, – деді Зеленский.

Путин әдеттегідей 2014 жылы Донбастағы, 2022 жылы Украинадағы соғысқа не түрткі болғанын түсіндіруге тырысты. 2013 жылы Украинаның сол кездегі президенті Виктор Янукович Мәскеудің экономикалық қысымымен Еуроодақпен интеграциядан бас тартты. Бұл бірнеше айға созылған наразылыққа жол ашты. 2014 жылы ақпанда Киевте қанды қақтығыс болып, Янукович Ресейге қашып кетті. Путин осы оқиғаны тағы да АҚШ-тың қолдауымен ұйымдастырылған мемлекеттік төңкеріс деп атады.

Бірнеше айдан соң, Ресей Қырымды тартып алды. Кейін Донбаста бүлік бастады.

Ресей халқының басым бөлігі Путиннің соғыс туралы картинасына сенеді. Кремль Киевке қарсы басқыншылығын тарихи ревизионизм мен "Украинаны денацификациялау" мақсатымен түсіндіреді. Путиннің Украинаны нацистер басқарып отыр деген тұжырымын бірнеше фактімен жоққа шығаруға болады. Мәселен, Украина президенті Владимир Зеленский – еврей, оның ата-бабасы нацистер қолынан қаза тапқан.

Ресей президенті Владимир Путиннің 14 желтоқсандағы баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзі көрсетілген экран және оның қасынан өтіп бара жатқан әйел.
Ресей президенті Владимир Путиннің 14 желтоқсандағы баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзі көрсетілген экран және оның қасынан өтіп бара жатқан әйел.

МОБИЛИЗАЦИЯ БОЛА МА?

Путин соғыс шығындары тақырыбын айналып өтуге тырысты. Батыс елдерінің есебінше, 2022 жылдың ақпанынан бастап, Ресей жағында жараланған немесе қаза тапқан жауынгерлер саны 315 мыңнан асады. Бұл Ауғанстанда 10 жылға жуық соғыс жүргізген Совет Одағының шығынынан әлдеқайда көп.

Батыс сарапшыларының пікірінше, Ресей мұндай үлкен шығынды ескеріп, тағы бір мобилизация жариялайды. Былтырғы мобилизация Ресей қоғамын дүр сілкіндіріп, еңбекке қабілетті жүздеген мың ресейлік шетелге көшіп кетті. Сондықтан Кремль наурыздағы президент сайлауы өткенше мобилизация туралы жақ ашпайды. Путин өз сөзінде халықты мобилизация болмайды дегенге сендіруге тырысты.

– 486 мың жауынгермен әскери келісімшарт жасастық. Қолына қару алып, Отанын қорғауға ниетті азаматтар саны толастар емес. Күніне 1500 адам келеді. Бұл жарты миллион адам. Мобилизацияның не қажеті бар? Әзірге мобилизация керек емес, – деді ол.

Бұл жерде "әзірге" деген сөзге баса назар аудару керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG