Accessibility links

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда полиция күшейтілген режимге көшті


Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы полициясы күшейтілген режимге көшті. Бұл жөнінде ІІМ-ге қарасты Polisia.kz сайты хабарлады.

"Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, дер кезінде ескерту, қылмыс және өзге де заңға қайшы әрекеттердің жолын кесу мақсатында Тәуелсіздік күндерін мерекелеу кезінде Алматыда полиция күшейтілген режимге ауыстырылды" деп жазылған полиция хабарламасында.

Атаулы күндері полицияның күшейтілген режимге көшірілуі Қазақстанда жиі кездесетін практика. Билік мұны "қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету" және "заңға қайшы әрекеттердің жолын кесу" қажеттілігімен байланыстырады. Мұндай күндері әдетте орталық көшелерде патрульдік көліктер көбейеді.

Қазақстанда мереке қарсаңында оппозиция жақтастарын жиі митингіге шақырады. "Оппозиция митингісі" деп белгіленген орындарда полиция саябаққа келгендер мен ары-бері өткендерді ұстап жүр. Бұған дейін шетелде жүрген экс-банкир Мұхтар Әблязов 16 желтоқсанда жақтастарын митингіге шығуға үндеген.

"Оппозиция митингілері" қарсаңында негізгі қалалар мен аймақтарда белсенділерді ұстау мен белсенділерді аңду жиілейді.

"БелсенділерЭкстремистЕмес" тобының хабарлауынша, Тәуелсіздік күні қарсаңында елде он шақты белсенді қудаланған. Арасында Әсет Әбішев және Айдар Сыздықов, Сергей Измайлов, Маруа Ескендірова бар. Бұған дейін Шығыс Қазақстанда сот "тіркелмеген ұйымның ісіне араласты" деген айыппен белсенді Серік Ыдырышевке 172 500 теңге көлемінде айыппұл салды. Оған тағылған айып "Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясымен байланысты.

"БелсенділерЭкстремистЕмес" тобының жазуынша, Тәуелсіздік күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында белсенді Едіге Байтеміров ұсталып, 25 тәулікке қамалған. Желтоқсанның басында жергілікті билік оның 16 желтоқсанда саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, митинг өткізу туралы өтінішін кері қайтарған. Көп ұзамай полицейлер оны "полицияның заңды талабына бағынбады" деп айыптап, хаттама толтырған.

XS
SM
MD
LG