Маңғыстау облысы Жетібайда ереуілген West Oil мұнай-сервистік компаниясының жұмысшылары 16 желтоқсанда Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар құрбандарын еске алып, құран бағыштады.
Ереуілдің жалғасып жатқанына алты күн болды. Оған қатысушылар бұған дейін қысым күшейгеніне шағымданған. 15 желтоқсанда ереуілге шыққан 19 жұмысшының жұмыстан қуылғаны белгілі болды. Наразылыққа шамамен 500 адам қатысып жатыр. Наразылар қақаған аязда күні-түні далада тұр. Олар талаптары орындалмайынша тарамайтынын айтады.
Жұмысшылар үш талап айтып отыр: West Oil компаниясын "ҚазМұнайГаздың" балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңарту.
"Техниканың тозып кеткені сонша түбіне үңілсең жер көрініп тұрады" деді 15 желтоқсанда Азаттықтың тікелей эфирі кезінде жұмысшылардың бірі.
Жетібай ауылының тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаев, "ҚазМұнайГаз" басшысы Мағзұм Мырзағалиев, Маңғыстау облысы мен Қарақия ауданының әкімдеріне, мәжіліс депутаттарына хат жазып, ереуілдеген жұмысшылардың талаптарын қолдайтынын мәлімдеген.
12 желтоқсанда Қарақия аудандық соты жұмыс берушінің өтінішін орындап, ереуілді заңсыз деп таныған. Жұмысшылар сот шешіміне келіспейтінін айтты. Айтуларынша, сот шешімі олардың қатысуынсыз шығарылған.
Азаттық West Oil компаниясының басшыларынан түсініктеме сұраған. Алайда олар ереуілдің заңсыз екенін айтып, жұмысшылардың талаптары туралы айтудан бас тартқан.
- 16 желтоқсан – Қазақстанның жаңа тарихында екі оқиғамен байланысты. Осыдан 36 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған.
- 2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасының екі жылдығы да таяп келеді.
Сарапшылар осы үш қантөгістің шындығы әлі ашылмады деп санайды. Жыл сайын 16 желтоқсанда Қазақстанның түрлі өңірінде құрбандарды еске алу шаралары өтіп, белсенділер мен тұрғындар билікке сын айтып, қантөгіс ақиқатын ашуды талап етеді.